CNN: Путин Беларусьте Пригожинді өлтіртіп жіберуі әбден мүмкін
АТЛАНТА. 25 маусым. АҚШ-тың CNN телеарнасының журналистері Ресей диктаторы Владимир Путин «Вагнердің» атаманы Евгений Пригожинді бүлік шығарғаны үшін кешірмейді деп есептейді. Бұл туралы CNN дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Компанияның Мәскеудегі бюросының бұрынғы жетекшісі Джин Догерти ханым Кремльдің қожайыны енді оны өлтіртіп жіберетінін айтады.
«Путин сатқындарды кешірмейді. Егер тіпті Путин оған: «Пригожин, сен Беларуське бара ғой» деген күнде де, бұл оған сатқын болып саналған күйінше қала береді. Сондықтан Путин оны кешірмейді деп ойлаймын», – деді Догерти.
«Мен егер Путин болсам, Ростов көшелерінің бойларымен «Вагнер» жауынгерлері жүріп келе жатқанда, алдарынан шығып, оларға дем беріп, қуана қарсы алып жатқан адамдардың көп болғаны үшін бас қатырар едім. Неге қарапайым ресейліктер қазір ғана мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет еткен адамдарға осыншалықты құрмет көрсетіп жатыр? Бұл, сөз жоқ, оларға мұның ұнайтынын және осыны қолдайтындарын көрсетеді. Қалай дегенде де, бұл – Путин үшін өте жағымсыз жаңалық», – деді сосын ол тағы.
Сөзінің соңында журналист ханым Путиннің Пригожинді Беларусь жерінде өлтіртіп жіберуге қатты күш салуы ықтимал екен жеткізді. Бірақ бұл – Мәскеу үшін өте күрделі дилемма (қарама-қарсы екі қыры бар саяси дәлел, мотив. – ред), өйткені, Пригожиннің әлі де болса, «әлдекімдердің қолдауында болуы мүмкін, ол қайда жүргеніне қарамастан, қатерлі болуы да ықтимал».
Өзін өзі сайлаған Беларусь президенті Александр Лукашенко сенбі күні кешке өткізген баспасөз мәслихатында «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрбашысы Евгений Пригожинмен қалай келісссөз жүргізгенін, оны қалай көндіргенін айтып берді.
Осыдан кейіін Кремльдегілер Пригожиннің үстінен қозғалған қылмыстың істің жабылатынын, оның өзі Беларуське барып тұратынын баяндады.
Еске сала кетейік, кеше, 23 маусым күні кешке «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожин РФ армиясына қарсы бүлік көтерді. Бұған бұлардың далалық лагерьлерін Ресей әскерлерінің ту сыртынан атқылап, бірнеше жалдамалының қаза тапқандары себеп болды. Ол осыны ұйымдастырып отырған қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб бастығы Валерий Герасимовтан кек қайтару үшін жорық бастайтынын мәлімдеді. Сол бойда Дондағы Ростовқа бағыт түзеп, оны 10 сағат дегенде түгел өзіне қаратып алды. Содан кейін Мәскеуге қарай бағыт түзеді. Жолай Воронежді, Липецкіні алып, Мәскеуге 200 шақырым қалған кезінде жорықты тоқтатып, аттың басын кері бұрды…
Бұл уақытта РФ-да Мәскеуді қорғай алатын қуатты күш те жоқ еді. Ондағы бар әскерилердің өзі елдің бас қаласын қорғауға оншалықты ықыласты болған жоқ. «Мұнда Мәскеу үшін («Путин» деп қабылдау керек – ред.) өмірін берейін деп отырған офицерлер жоқ» деді сол кезде пабликтердің біріне сұхбат берген әскери қызметкерлердің көпшілігі.
Украина барлауының мәліметінше, ресейлік диктатор Владимир Путин кеше Мәскеу уақытымен шамамен14:00 сағатта өзіне бекітілген Ил-96-300ПУ ұшағымен «Внуково» аэропортынан шұғыл ұшып шығып, Валдайдағы резиденциясына барған. Кейінірек «Фонтанка» президент әуе кемесінің сосын Петербургке келіп қонғанын жазды.