Лукашенко Пригожинді тоқтатып, Путинді бір ажалдан аман алып қалды
МИНСК. 24 маусым. Мәскеуге жақындап қалған «Вагнер» ЖӘК қожайыны Евгений Пригожин белорус лидері ұсынған ұсынысты қабыл алып, өз жалдамалыларының жорығын тоқтатты. Бұл туралы «Диалог.ua» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Александр Лукашенконың ұсынысын қабылдаған Еагений Пригожин өз жалдамалыларының РФ астанасына шабуылын тоқтату жөнінде шешім етті», – делінген хабарламада.
24 маусым күні таңертең Владимир Путин Александр Лукашенкоға Ресейдің оңтүстіктегі бірнеше қаласын басып алып, бір тәуліктің ішінде Мәскеуге дейін жететін Евгений Пригожиннің «Вагнер» ЖӘК-сымен арадағы ахуал жайында шағынды.
Белорус диктаторының баспасөз қызметі хабарлағандай, Лукашенко өлердей қорқып отырған Путиннің беделін сақтап қалу үшін бүгін күні бойы Пригожинді Ресей территориясында қанды қырғын жасамауға көндіріп бағыпты. Ақыр соңында «Вагнердің» басшысы Лукашенконың ұсынысын қабыл алып, Мәскеуге барудан бас тартыпты-мыс.
«Қазіргі мезетте «Вагнер» ЖӘК жауынгерлерінің қауіпсіздігіне кепіл беретін, шиеленіс түйінін барынша тиімді және қонымды шешу вариант үстел үстінде жатыр», – деп баяндады Минскіден оның бүге-шігесіне бара қоймай.
Лукашенко – Пригожин келіссөзі аяқталғаннан кейін «вагнершілер» телеграм-каналы: «…Өмірдің бұл мерекесінің ақырына жақын қалды. Көпірлерлі қирату болуға тиісті нәрсені тоқтата алмайды. Әділдік салтанат құрады», – деп жазды.
Пропагандист Владимир Соловьев «Вагнердің» енді колоннасын кері бұрып, далалық лагерьлеріне кететіндеріне шәк келтірмейді.
Кейінірек Пригожиннің өзі бір жазбасында Мәскеуге кірмеген себебі текке қан төкпеу болғанын мәлімдеді.
Осылайша Лукашенконы Пригожинді қандай уәжбен немесе уәдемен тоқтатқаны, қандай «сиқырлы» сөз айтқаны жұмбақ болып тұр.
Сөйтіп, «Вагнер» Мәскеуге 200 шақырым қалған жерден жорықты кілт тоқтатып, аттың басын кері бұрды.
Еске сала кетейік, кеше, 23 маусым күні кешке «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожин РФ армиясына қарсы бүлік көтерген болатын. Бұған бұлардың далалық лагерьлерін Ресей әскерлерінің ту сыртынан атқылап, бірнеше жалдамалының қаза тапқандары себеп болды. Ол осыны ұйымдастырып отырған қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб бастығы Валерий Герасимовтан кек алу үшін жорық бастайтынын мәлімдеді. Сол бойда Дондағы Ростовқа бағыт түзеп, оны 10 сағат дегенде түгел өзіне қаратып алды. Содан кейін Мәскеуге қарай ат басын бұрды…
Ал дәл қазіргі тұста Украина Қарулы күштерінің жаппай щабуылға шыққандары айтылып жатыр.