«Вагнер» Шойгу мен Герасимовты қолға түсіру үшін Мәскеуге жол тартты
ДОНДАҒЫ РОСТОВ. 24 маусым. Дондағы Ростовты бір оқ шығармай басып алған Пригожин енді Шойгу мен Герасимовты тәубесіне келтіру мақсатында Мәскеуге бет түзеді. Бұл туралы ресейлік және украиналық таблоидтар ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейдің оңтүстіктегі ірі қалаларының бірі – Дондағы Ростовты қантөгіссіз басып алу үшін «Вагнер» жеке әскери компаниясы 10 сағат уақыт керек болды. Компания әскерлерінің айтарлықтай бөлігін жақында президент Владимир Путин рақымшылық жасаған қылмыскерлер құрады.
Жұма күнннің кешінде «Вагнердің» басшысы Евгений Пригожин Ресей әскерлерін жалдамалылар лагерьлерін ту сыртынан ракетамен атқылады деп айыптап, қорғаныс министрлігінің бұған жауапты шенеуніктерінен кек қайтаруға ант берді. Ол кінә артқан басшылардың көшін министр Сергей Шойгу бастайтын еді.
Кейінірек Пригожин өзінің телеграм-каналында содырларының Оңтүстік әскери округ штабы орналасқан Ростов қаласына беттеп бара жатқандарын мәлімдеді.
«Біз қазір Ростовқа кіріп келеміз. Қорғаныс министрлігінің біздің жолымызды жабу үшін әкеліп тастаған бөлімшелері жан-жаққа шегіне қашып, алдымызды ашып қойды. Біз мұндай балалармен соғыспаймыз. Біз балаларды өлтірмейміз. Оқ-дәрінің иісін иіскеп көрмеген солдаттарды, соның ішінде «срочниктерді» соғысқа салатын Шойгу балаларды өлтіреді. Ол бізге он сегіздегі балақайларды қарсы қойыпты. Олардың бәрі бала, маған немере іспеттес. Сондықтан бұл балаларға тимедік, өмір сүрсін. Біз кәсібилермен соғысамыз. Ал егер кімде-кім жолымызда тұратын болса, жойып жібереміз. Біз бұдан да әрі кетеміз, ақырына дейін барамыз!», – деп жазды Пригожин.
Қорғаныс министрлігі Пригожиннің «Вагнер» жауынгерлерінің атқылануы жөніндегі мәлімдемесі шындыққа жанаспайды дегенді айтты. Осыған байланысты ФСБ Пригожинге қарсы қылмыстық іс қозғады.
Осы мезгілде Ростовта жүрген «Вагнер» жауынгерлері жайлы видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Таңертең Пригожиннің телеграм-каналы оның қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуровпен әңгімелесіп отырған сәтін көрсетті. Пригожин бас штаб бастығы Герасимов пен қорғаныс министрі Шойгуды алу үшін Ростовты бұғаттап тастағандарын айтты.
«Біз бас штаб бастығы мен Шойгуды қолға түсіргіміз келеді. Олар болмайынша, біз осында боламыз, Ростовты бұғаттап тастап, Мәскеуге тартамыз. Жігіттер осында қала тұрады», – деді ол.
Ростов облысының губернаторы Василий Голубев өзінің телеграм-каналында тұрғындарды Ростовтың орталығына келуден бас тартуға және мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға шақырды.
Пригожиннің айтуынша, «вагнершілер» Ростовқа келе жатқан жолда Ресейдің екі тіркұшағын атып түсірген. Компания сапында қазір 25 мың солдат бар. Бұлардың бір жартысы қазір Мәскеуге аттанып кеткен. Бұл есепке кірмейтін тағы біраз жауынгер Бахмут түбінде РФ әскерлерімен соғысып жатыр.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин бүгін таңертең қалада «терроршыларға қарсы шара» басталғанын баяндады. Мұнда өткен түндеақ бірқатар әскери техникалар кіргізіліп қойылыпты, ФСБ мен армия соғыс дабылы бойынша көтерілген.
Ал Владимир Путин болып жатқан төтенше жағдайлар жөнінде әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Ол мұның орнына ресейліктерді Жастар күнімен құттықтады.
«Осы заманның Емельян Пугачеві», сірә, Мәскеуге тек Шойгу мен Герасимов үшін бара жатпаған шығар, онда жетіп алса, Путиннің «тағы» да тұрған орнында шайқалақтап қалатыны анық. Мына жорықтың түпкі мақсаты да Кремльдің төрі болса керек.