РФ-ның белгілі бөлімше командирі Пригожинге қосылу үшін бара жатыр
ДОНДАҒЫ РОСТОВ. 24 маусым. Ресейдің украин фамилиялы белгілі оккупанты Егор Гузенко бүлік көтерген «Вагнер» туы астына тұру үшін өз бөлімшесімен бірге Ростовты бетке алды. Бұл туралы ресейлік және украиналық таблоидтар ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресейде кеше түнде бұрқ ете қалған бұлағай сәт сайын өршіп, қатты қарқын алып барады. РФ әскерилері Мәскеуге қарсы жорық жолына шыққан «Вагнер» жеке әскери компаниясының (ЖӘК) жағына өтіп жатыр.
Бүгін таңертең РФ қарулы күштерінің Луганщинадағы 2-ші әскери корпусы құрамында 2014 жылдан бері соғысып келе жатқан ресейлік белгілі басқыншы Егор Гузенко өзінің майдан даласындағы позициясын тастап шықты. Ол «қара жалауды желбірету үшін» Пригожиннің туы астына топтасуға шешім қабылдапты.
«Маған картина оншалықты жақсы таныс емес. Бірақ Викторович (Пригожин – ред.) әділдік үшін шырылдайды, мен оны қолдаймын, біз бүкіл командамызбен Дондағы Ростовқа бара жатырмыз. Елді құтқару қажет. Қол қусырып, қарап отырмай… Менің «конторада» істейтін ескі танысым «егер елде бүлік туа қалса, біз кімнің туы астына тұру керектігін білеміз, қара жалау бүкіл елдің үстінде желбірейді, сол кезде біз анық жеңіске жетеміз» деген еді. Мен онымен келісемін», – деп жазды Гузенко.
Қазір Пригожиннің ресурстары «Вагнер» жағына РФ кадрлық армиясында қызмет етіп жүрген 70-ке жуық әскери қызметкер өткен.
Еске сала кетейік, 23 маусым күні күндіз Евгений Пригожин РФ қорғаныс министрлігінің майдан даласындағы ұрыс қимылдары жөнінде ылғи өтірік ақпарат дайындап, оны Путинге беріп келе жатқанын ашып айтып, бұл әрекетті қатты сынға алған болатын. Ол Кремльдің Украинаға басып кіруінің де себебі жалғандықтан тұратынын айтты. Соңғы сегіз жылдан бері Донбасты украина әскерлері ұдайы атқылаудың астына алып келген жоқ, тек екі жақтың әскерилері ара-тұра бір-бірлеріне оқ атысып тұрды. «Кремль Украинаға соғыс ашу үшін осының бәрін ойдан шығарып алды. Мұның орнына РФ шенеуніктері мен әскерилері сегіз жыл бойына Донбасты талан-таражға салып, тонаумен болды. Бұл жер ресейліктер үшін қолма-қол ақша шығарып алу бекетіне айналды», – деді Пригожин.
Бұдан кейін ол РФ тергеу комитетіне Шойгу мен Герасимовке қатысты тексеру-тергеу әрекеттерін жүргізу жөнінде арыз жазып тапсырды.
Көп ұзамай Z-пабликтер «Вагнердің» РФ қорғаныс министрлігінің өздерін жойып жіберу мақсатында тылдан соққы бергендерін мәлімдеп, оған қарсы соғыс ашып жатқанын жариялай бастады.
Еске сала кетейік, осының алдында Пригожиинің РФ қорғаныс министрлігін қатты сынға алғанын жазған едік. «Соғыстың алғашқы күндері Шойгу ресейлік мыңдаған солдаттың өмірін құртты. Олар армияның ең соғысуға қабілетті бөлігін жойып алды, ал соғысуға қабілеттілер өте аз еді», – деген еді «Вагнер» басшысы сонда.