Дәл қазір Пригожиннің әскерлері Дондағы Ростов қаласына басып кірді
ДОНДАҒЫ РОСТОВ. 24 маусым. Осы сағаттарда, бүгін таңертеңнен бері Евгений Пригожиннің «Вагнер» жеке әскери компаниясы Дон бойындағы қаланы жаулап ала бастады. Бұл туралы ресейлік және украиналық таблоидтар ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Дәл қазір Пригожиннің әскерлері Дондағы Ростов қаласын басып алып жатыр. Олардың танкктері мен бронды техникалары қаланың ішіне кірді», – делінген «Диалог.ua» хабарламасында.
«Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин өз әскерлерінің РФ шекарасын кесіп өтіп, Дондағы Ростовқа кіргенін баяндады.
«Музыканттар» атаманы өздерінің мұндай бүлікке бас көтеріп шығуларына Ресейдің тұрақты армиясының жалдамалылар лагерьлеріне ту сырттарына ракетамен соққы бергендері себеп болғанын мәлімдеді. Ол Ростовақа келе жатқан жолында сонда отырған Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың қорыққанынан ол жақтан тырқырап қашып бара жатқанын баян етті. «Бұл малғұнды біз тоқтатамыз», – деді ол.
Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары осы тұста Пригожиннің қарулы жігіттері РФ Оңтүстік әскери округінің, ФСБ мен ішсі істер министрлігінің жергілікті басқармалары ғимараттарын, сондай-ақ Ростов әкімшілігі үйін басып алғанын жазып жатыр.
Пригожин РФ бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың әуеге ұшақ көтеріп, арасында азаматтық тұрғындары да бар «Вагнер» әскерлерінің колоннасын бомбылауға бұйрық бергенін, бірақ пилоттардың оны орындаудан бас тартқандарын айтты.
Дегенмен, 3:20 сағат шамасында Пригожин әуеде РФ-ның екі борты пайда болғанын жеткізді. Олар колоннаға соққы беруге әрекет жамаған. Бірақ вагнерліктер олардың бірін сол заматта атып түсірген, екіншісі өзі қарасын батырған.
Пабликтер артынша «Вагнер» содырларының РФ-ның Оңтүстік әскери округының штабын басып алып жатқан суреттерін жариялады.
Бұдан бұрын РФ армиясының «Вагнердің» Бахмут түбінде қалып кеткен бөлімшелерін жойып жіберу жөнінде бұйрық алғандары белгілі болған. Алайда жалдамалылар Ресейдің тұрақты армиясы қашан келіп, өздерін жоюға кірісетіндерін күтіп тұрмай, РФ тұрақты әскерлерінің позицияларына өздері шабуыл жасауды бастап кетті.
Қазір Мәскеу, Волгоград, Краснодар қалаларында соғыс дабылы қағылып, ондағы әскери бөлімдер дайындық сапына қойылды.
Еске сала кетейік, 23 маусым күні күндіз Евгений Пригожин РФ қорғаныс министрлігінің майдан даласындағы ұрыс қимылдары жөнінде ылғи өтірік ақпарат дайындап, оны Путинге беріп келе жатқанын ашып айтып, бұл әрекетті қатты сынға алған болатын. Ол Кремльдің Украинаға басып кіруінің де себебі жалғандықтан тұратынын айтты. Соңғы сегіз жылдан бері Донбасты украин әскерлері ұдайы атқылаудың астына алып келген жоқ, тек екі жақтың әскерилері ара-тұра бір-бірлеріне оқ атысып тұрды. «Кремль Украинаға соғыс ашу үшін осының бәрін ойдан шығарып алды. Мұның орнына РФ шенеуніктері мен әскерилері сегіз жыл бойына Донбасты талан-таражға салып, тонаумен болды. Бұл жер ресейліктер үшін қолма-қол ақша шығарып алу бекетіне айналды», – деді Пригожин.
Бұдан кейін ол РФ тергеу комитетіне Сергей Шойгу мен Валерий Герасимовке қатысты тексеру-тергеу әрекеттерін жүргізу жөнінде арыз жазып тапсырды.
Көп ұзамай Z-пабликтер «Вагнердің» РФ қорғаныс министрлігінің өздерін жойып жіберу мақсатында тылдан соққы бергендерін мәлімдеп, оған қарсы соғыс ашып жатқанын жариялай бастады.
Біз осының алдында Пригожиинің РФ қорғаныс министрлігін қатты сынға алғанын жазған едік. «Соғыстың алғашқы күндері Шойгу ресейлік мыңдаған солдаттың өмірін құртты. Олар армияның ең соғысуға қабілетті бөлігін жойып алды, ал соғысуға қабілеттілер өте аз еді», – деген еді «Вагнер» басшысы сонда.
Пригожиннің айтуынша, Украинаға қарсы бұл соғыс Шойгудың маршал атағы мен «батырдың жұлдызын» алуы үшін ғана керек болған. Бейбітшілік жағдайында ол мұның екеуін де ала алмайды. Бұл соғыс сондай-ақ «қазір іс жүзінде Ресейді билеп отырған олигархтар кланы» үшін қажет болған. Оның жоспарына Путиннің «құдасы» Виктор Медведчукті Украинаның президенті етіп тағайындау кірген.
Қазір РФ бас прокуратурасы мен ФСБ Пригожиннің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол қолға түссе, 12-20 жыл аралығында сотталуы мүмкін.
Осы кезде Ресей армиясының генералдары Евгений Пригожинге райынан қайтып, президент Путинге бағынуды қайта-қайта сұрап жатыр.