Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта «Маған десе, ату жазасын берсін» деп шіренді

АСТАНА. 16 маусым. Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзінде «Маған десе, ату жазасын берсін» деп, сыртқа жүнін қампайтты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, сотталғанға дейінгі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ату жазасына да келісетінін, алайда өзіне таңылып отырған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді.

Әрине, мұны өзінің «ақтығын» білдірмек болып, әлдеқандай бір доқ көрсету ишарасымен айтты. Әйтпесе, біздің елімізде ату жазасы жоқ екенін білсе керек. Білмесе, бұлай деп айта қоюы екі талай.

«Біз «Алтын адам» артефактілерін сақтап, елге жеткіздік. Алайда ол ұрланып кеткен дүние секілді, жағымсыз сипат алып отыр. «Алтын адам» қазір ұлттық музейде тұр. Осындай әрекеттен кейін кім «Алтын адамның» көрмесін өткізгісі келеді? Ешқандай тарап проблемалық тарихы бар көрмені қабылдағысы келмейді», – деп күйінді сосын Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзінде.

Осының ыңғайында ол кез келген жазаны өтеуге дайын екендігін айтып, орынсыз айыптамауды сұрады.

«Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атуға да, тек ақша ұрлады деп айып тақпаңыздар. Ар бәрінен қымбат. 60 жасыма дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да таттым, бірақ лайықты өмір сүрдім», – деді бұрынғы мәдениетші министр.

Ал прокурор сотта қылмыстары толық дәлелденген Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Еске сала кетейік, 2022 жылы 8 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған болатын.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді.

Тергеу бір жыл бойы жүргізілді. Тергеудің мәліметіне қарағанда, біраз жыл Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының сыбайластарымен бірге мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button