Үлкен Алматы айналма автожолы ресми түрде пайдалануға берілді
АЛМАТЫ. 16 маусым. Бүгін Алматы қаласын іркіліссіз айналып өтуге арналған «Үлкен Алматы айналмалы автожолы» (ҮААЖ) ресми түрде ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Агенттік тілшісі осының негізінде енді 66 шақырым жолды жүргізушілердің жарты сағатта жүріп өте алатынын баяндайды.
Құрылысы бұдан 3 жыл алдын түрік-корей консорциумының негізінде қолға алынған алты жолақты жол жоспарға сәйкес 2024 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Дегенмен, қарқынды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нысан мерзімінен бұрын қатарға қосылды.
Жолдың ресми ашылуына Индустриялық-инновациялық даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
«Бұл – еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі, Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болып саналады. Осы жол құрылысы халықтың игілігі үшін қолға алынғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық», – деді Төлеген Абдуллин.
Алматы облысы әкімінің айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады.
«Айналма автожол – мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жалпы, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады деп күтілуде.
Жолдың сапасын сынап көру үшін бүгін оның үстімен 10 ауыр жүк көлігі, 10 автобус және жеңіл автокөліктер жүріп өтті.
Концессия тетігіне сәйкес, құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражатын есебінен жүргізген. Енді таяудағы 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдігінде болады.