Назарбаев кеңсесі – «Кітапхана» бір жарым айдың ішінде жабылады
АСТАНА. 7 маусым. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел аузында «Кітапхана» деген лақап ат алып кеткен кеңсесі бір жарым ай уақыт мұғдарында жабылып тынады. Бұл туралы nege.kz дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Бүгін Мәжілісте Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осының жайын баяндады.
Оның айтуынша, қазір Назарбаев кеңсесін қайта құрылымдау жүріп жатыр.
«Кеңседе жұмыс істеген адамдардың біразы басқа ұйымдарға ауыстырылады, кейбірі қысқартылады. Ондай кеңсе болмайды. Ол қайта құрылымдау процесінде. Бір жарым айдың ішінде мәселе шешіледі деп ойлаймын», – деді министр.
Еске сала кетейік, биылғы қаңтар айында қаңтарда бұрынғы президент кеңсесі 2023 жылға арналған шығыстарды 708,9-дан 591,2 миллион теңгеге дейін оңтайландыру жоспарын жариялаған еді. Алайда Қаржы министрлігінің қорытынды құжатында «Кітапхана» шығыны үшін бұдан мүлде басқа сома енгізілген.
Сонымен, Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі қазір қайта құрылымдалу үстінде және алдағы айларда жұмысын тоқтатады.