Қарқаралы қала мәртебесінен айырылып қалды
ҚАРАҒАНДЫ. 22 ақпан. Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласы «қала» болудан қалады. Бұл туралы NV.kz хабарлады.
Қазір Қарқаралының басынан баяғы дәурені көшкен, енді ол бұрынғы «қала» мәртебесінен айырылып, «ауыл» атына түсіріледі.
Дегенмен, атақты Мәди Бапыұлы ақынның «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен – бұлт, менен қайғы тарқамады» деп ән мен жырға қосатын Қарқаралысының тарихы бай. Ол қазақ жерінде пайда болған алғашқы қалалардың қатарына жатады. Оның айналасының табиғаты да керемет. Бірақ қаланың шалқыған шағы артта қалып қойған сияқты. Бұл елді мекеннен сыртқа кетушілер көп. Соның салдарынан қала халқының өсімі байқалмайды.
Қазір бұл елді мекенде екі бес қабатты,бірнеше екі қабатты үйлер бар. Аудандық аурухана жұмыс істейді, бірақ онда дәрігерлер жетіспейді. Мекеменің орын ауыстыратын кезі де көп. Мұнда ірі кәсіпорындар жоқ. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы мен туризм.
«Бізде туризмнің дамуы нашар, ол өркендейтін емес. Қарағандыға дейін баратын жолдың жағдайы нашар. Ой-шұқыры көп. Туризмді дамытқымыз келеді, бірақ мынадай жолдар тұрғанда мұнда туристердің келулері қиын», – дейді жергілікті тұрғын Мерей Арынов.
«Қарқаралыдан кетіп жатқан адам көп. Сондықтан мұнда қазір 8 мыңның шамасындай ғана халық тұрады. Мұндай елді мекенді «қала» деп атау қиын. Жергілікті тұрғындар Қарқаралының ауылдық статус алуының жайын түсінеді. Бірақ мәртебенің ауысуына байланысты біраз нәрсе өзгеріп кете ме, деп қорқады», – деп жазады «Наша газета» соңында.