Түркия Сирия жерінде ауқымды соғыс бастады
АНКАРА. 22 ақпан. Түркия әскерилері Сирияның Башар Асад бастаған үкімет әскерлерінің Идлибтегі позициясына ауқымды ұрыс қимылдарын бастап кетті. Бұл туралы «Вести.Ру» хабарлады.
Журналист Чарльз Листердің жазғанындай, қазір операция Найраб пунктінде жүріп жатыр. Шағын қала жаққа қарай түріктің әскери техникалар колоннасы, – ішінде бірнеше танк те бар, – бағыт алды. Бұдан бөлек, нысанның артиллериямен атқыланғаны айтылады.
Алғашқы мәліметтерге қарағанда, шабуылға түрік әскерилері де, сириялық оппозицияның жауынгерлері де қатысып жатыр. Бақылаушылардың деректерінше, Найраб маңында Сирия армиясының екі танкісі қиратылған. Бұған қоса, бір Т-72 танкісі мен бір жаяу әскерлердің жауынгерлік машинасы сириялық содырлардың қолына түсіп қалған.
SANA агенттінің мәліметі бойынша, Сирия әскерилері түрік армиясының қолдауына сүйеніп отырған қарулы оппозицияның шабуылдарына айтарлықтай тойтарыс берген.
Сириядағы жауласушы тараптарды ымыраластыру жөніндегі ресейлік орталық Түркияның қолдауына арқа сүйеген содырлар Сирия үкіметі күштерінің қорғаныс шебін екі жерден бұзып өткен. Бұл түрік зеңбіректерінің қолдауы болған Кминас және Найраб елді мекендері аудандарында орын алған.
Бұған жауап ретінде Ресей қарулы күштерінің Су-24 истребительдері содырларға соққы беріп, олардың бір танкісін, алты жауынгерлік машинасын, бес ірі калибрлі қарулы пикапын жойып жіберген. Осы арқылы Сирия армиясының қарсы шабуылға шығуына мүмкіндік әперген.
Орталықтағылар сондай-ақ іске Ресей араласқаннан кейін Түркия жағының артиллериямен атқылауын тоқтатқанын айтады.
Ресей әскерлерінің объективті бақылау құралдары арқылы шабуылды кімдердің жасап жатқандарын аңғарып қалғаны да сөз болып жатыр. Бұл жағдай содан соң бірден Анкараға баяндалған. «Түрік жағын лаңкестерді қолдауды және оларға қару-жарақ беруді тоқтатуға шағырамыз», – делінген мәлімдемеде.
Ымыраластыру жөніндегі орталық атқылау кезінде Сирия армиясының төрт әскери қызметкерінің жарақаттанып қалғанын жеткізді. Сонымен бір мезгілде түрік қорғаныс министрлігі 50 сириялық солдаттың жойылғаны жөнінде есеп беріп отыр.
Бұдан бөлек, қорғаныс ведомоствосы түріктің екі әскери қызметкерінің қаза тауып, тағы бес жауынгерінің жараланғанын жеткізген. Түркия президентінің әкімшілігі мұның Сирия әуе-қорғаныс күшінің шабуылынан кейін болып отыр деп есептейді.
Түркия тарапы сондай-ақ қаза тапқандар үшін кек қайтаратындарын мәлімдеген. «Біздің дәулетіміз азап шеккендеріміздің қанын қара жерде қалдырмайды. Сирияға қантөгіс пен терроризм әкелгендер адамзаттың алдында жауап береді». – деп атап көрсетті Ердоған әкімшілігінің коммуникация бөлімінің бастығы Фахреттин Алтун.
Найрабты алу – оппозицияның Саракиб қаласын бақылауға алуын қайтару жөніндегі операцияның бірінші кезеңі. Бұдан әрі Сирияның М4 және М5 деп аталатын екі шешуші тас жолының түйісетін жері жатыр. Ақпан айының басында оппозиция Сирия армиясының соққысымен М5 трассасынан қуып шығарылған.
Ал 19 ақпан күні Реджеп Тайип Ердоған Сирияның Идлибінде әскери операция жасауға әзір екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, операцияның бастап кету тек уақыттың еншісінде тұрған нәрсе, оны кез келген кезде қолға алуға болады.
Сол дайындықты ол бүгін көрсетті.