Қарағанды облысында бір үйдің 4 баласы өрттің құрбаны болып кетті
ҚАРАҒАНДЫ. 24 ақпан. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Талды» ауылындағы бір үйден өрт шығып, 4 бірдей бала опат болды. Бұл туралы ekaraganda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, өрт салдарынан әуелі 2 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйде 10 шаршы метр алаңда тұрған мүліктер, терезе және есік жақтаулары жанған.
Өрттің салдарынан 2019, 2020, 2021, 2022 жылдары туған 4 бала жантәсілім еткен. Яғни перзенттердің алды 5-те болса, ең кішісі 1,5-да екен.
Өрт шыққан кезде балалар үйде өздері ғана болған. Оқиға орын алған кезде балалардың ата-аналары көрші үйге кетіп қалған екен.
Қаза тапқан балалардың аналары – мектепте мұғалім, ал әкелері құрылысшы көрінеді.
Зардап шеккен отбасына жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу іс-шаралары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталып жатыр.
Оқиға болған жерге аудан әкімі келіп, жағдаймен танысқан.