«Севилья» «Романы» пенальтиден ұтып, Еуропа лигасын жеңіп алды (видео)
БУДАПЕШТ. 1 маусым. Өткен түнде Будапешттің «Пушкаш Арена» стадионында ойналған футболдан Еуропа лигасының финалында «Севилья» «Романы» пенальти сериясында ұтып, турнирдің жеңімпазы атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Матчтың негізгі уақыты жеңімпазды анықтай алмады. Ол 1:1 есебімен аяқталды.
«Қасқырлардың» шабуылшысы Пауло Дибала 35-минутта есеп ашты. Сөйтіп, итальян командасы алға шықты. Алайда, рүмдіктердің қорғаушысы Джанлука Манчини 55-минутта келген допты қайтармақшы болып жатып, оны өз дарбазасына қарай бағыттап алып, есептің теңесіп кетуіне жол беріп қойды.
Командалар қосымша уақытта ойынға өзгеріс ендіре алмады, таблодағы цифрлар сол қалпында қалды.
Ал матчтан кейінгі пенальтилер сериясында испан клубының бағы жанды. Есеп 4:1 болып, севильялықтардың пайдасына шешілді. Сөйтіп, Ла-лига чемпионатының ортан белінде тұрған команда А сериясының көшін бастаушылардың бірі болған ұжымды қапыда қалдырды.
«Севилья» өзінің Еуропа турнирлерінің ұдайы жеңімпазы болып тұратын дәстүрін бұл жолы да жалғастырды. Ол бұған дейін алты рет Еуропа турнирлері Кубогын жеңіп алған еді. Енді жетінші жеңімпаздық қосылып отыр.