Украинада «вагнершілер» қатарында соғысқан қазақстандық сотталды
КИЕВ. 31 мамыр. Украина соты бұрын қыз зорлап сотталған қазақстандық азамат Шыңғыс Сейпиевті «Вагнер» құрамында соғысқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы «Грати» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хабарламада Қазақстан азаматы Шыңғыс Сейпиевтің Ресейдің басқыншы армиясы қатарында соғысушы «Вагнер» жеке әскери компаниясында жалдамалының қызметін атқарғаны айтылады.
«9 мамырда Дружковский сотында Сейпиевтің ісі бойынша сот отырысы болды. Ол кінәсін мойындады, іс бойынша тергеумен анықталған барлық мән-жайларды растады, соңынан сот мұның бәрін бекітіп берді. Сейпиев тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Шыңғыс Сейпиев – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы «Аққұдық» ауылының тумасы. Оның жасы 23-те екені де айтылып жатыр.
«2022 жылғы қазан айында Сейпиев Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін «Вагнер» ЖӘК құрамына алынады. 18 қарашада Түменнен оқу-жаттығу жиыны мен әскерге шақыру бекеттері орналасқан Ростов облысына жеткізіледі. Онда келісім-шартқа қол қояды, соған сәйкес, компания айына 200 мың рубль (қазіргі бағам бойынша шамамен 1,1 миллион теңге) төлеуге міндеттенеді. Ол ақшаны келісім-шарт біткен соң қолма-қол алуы керек еді.
Сейпиев желтоқсан айының басына дейін әскери дайындықтан өтіп, содан кейін оның бөлімшесі Луганск облысының Кременная қаласына жеткізіледі. 24 желтоқсанда Донецк облысы Бахмут ауданы Яковлевка селосына жіберіледі. Онда бір апта болады. Алайда 30 желтоқсан күні украин әскерлерінің қолына түсіп қалады» делінген хабарламада.
Әйел зорлағаны үшін 10 жылға сотталған Сейпиевтің Түмендегі №2 түзеу колониясында отырған кезінде «Вагнер» қатарына қабылданғаны айтылады, ол әскери компаниямен келісім-шарт жасасады.
Өткен жылғы қараша айында «Вагнер» жеке әскери компаниясының иесі Евгений Пригожин Түменге келеді. Ресейлік БАҚ-тар сол кезде оның колониялардағы тұтқындарды жинап жатқанын жазды. Сапардан кейін жергілікті «Наш город» басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, №1, 4, 6 және Тавда түзеу колонияларынан бірнеше жүз түмендік тұтқындардың Украина аумағындағы соғыс қимылдарына қатысу үшін ерікті ретінде өткенін хабарлады. Басылым сондай-ақ түмендік заңгерлерге сілтеме жасап, сотталғандарды соғысқа қатысуға ақшалай төлемдер ғана емес, амнистия итермелегенін жазады.
Түмен облысындағы жаза орындау федералды қызметінің әкімшілігі ресми түсініктеме беруден бас тартты.
Тұтқындарды соғысқа жұмылдыруға мүмкіндік беру үшін Владимир Путин 2022 жылғы 4 қарашада «Ресейдегі жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» федералды заңға түзетулерге қол қойды.