Алматы спорт басқармасының бұрынғы басшылары сот жүзінде жаза алды
АЛМАТЫ. 26 мамыр. Оңтүстік мегаполис спортының бұрынғы басшылығы құрамындағы үш лауазымды тұлға жемқорлық әрекеттері үшін әртүрлі мерзімге сотталды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотында Алматы қаласы спорт басқармасының қызметкерлеріне қатысты жымқыру және аса ірі мөлшерде ақша қаражатын иемдену арқылы бөгдеге тиесілі мүлікті ұрлады деген факті бойынша қылмыстық іс қаралды», деп а атап өтті Halyq Uni.
Антикор осыған орай Алматы қаласы спорт басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты 367 миллион теңге жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын баяндады.
«Медеу аудандық №2 соты Алматы қаласы спорт басқармасының экс-басшысы Рүстем Байсейітов пен оның қарамағындағыларға үкім шығарды. Оларға 367 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылды», деп жазады Zakon.kz.
Сот үкімімен Рүстем Байсейітов кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды, оған 4 жыл 6 ай түрмеде отыру жазасы кесілді.
Сол сияқты Алматы қаласы спорт басқармасының қаржы-экономикалық бөлімінің бұрынғы басшысы Әйгерім Байғонова 3 жыл 6 айға, «Қазақстан Гольф федерациясы» РҚБ-ның спорт менеджері Әлия Смақова 3 жылға, Qazaq Sport ЖШС директоры Ержан Мұхаманов 7,5 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Басты күдікті – Алматы қалалық спорт басқармасының экс-басшысы Рүстем Байсейітов пандемия кезеңінде (2020-2021 жж.) қарамағындағы қызметкерлерімен коронавирус инфекциясына байланысты бақылау мен шектеулердің баяулағанын пайдаланып, ЖШС директорының туыстарының банктік шоттарына ақша аударған болып шықты.
Сонымен бірге сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн теңге көлемінде материалдық залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.