Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Қазақстан ешқандай мемлекеттер одағын құруға қатыспайды – Ақорда

АСТАНА. 26 мамыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумында еліміздің әлдеқандай бір одақтағы мемлекеттер сапында болмайтынын ашып айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

«Мемлекет басшысы жиын кезінде қазіргі сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқыға салып жатқан бірқатар мәлімдеме жасады», – деп атап көрсетті Halyq Uni.

Осыған орай Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай бірнеше маңызды мәселеге назар аударып, әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазба қалдырды.

ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.

Президент атап өткендей, экономикалық интеграция, бұл – түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс.

Сонымен қатар түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалды. Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент.

Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

«Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», – деп жазды Руслан Желдібай.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button