Жеңіс Ысқақова: «Бірінші күйеуім де, екінші күйеуім де – бір адам»
АЛМАТЫ. 26 мамыр. Белгілі әнші Жеңіс Ысқақова өзіне қойылған нақты сұраққа өмірінде бір-ақ рет күйеуге тигенін, әлі күнге дейін сонымен тұрып келе жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Өнер қайраткері «Ұйқым келмейді» бағдарламасында жеке өмірін көпшілікке жария етпейтінін баяндады.
«Сахнаның адамы тек сахнадан көріну керек. Біздің күйеуіміз, бала-шағамыз – менің ғана өмірім. Оны біреуге көрсетіп өажеті жоқ. Әлеуметтік желіге көп шықпаймын, балаларымды көрсетпеймін, олар өздері де салуға рұқсат бермейді. Күйеуім де үйленгелі сахнаның сыртында жүреді. Осыдан бір жыл бұрын бір мейрамхананың ашылуына барып, күйеуіммен қызыл кілеммен жүріп өткен болатынбыз. Сөйтіп ел: «Жеңіс Ысқақова жас күйеуін көрсетті» деп шулады», – дейді өнер иесі.
Жеңіс Ысқақова әңгіме барысында күйеуіне қатысты қызықты жайтты ортаға салды.
«Бірде ауруханаға жатып қалдым. Балам келді ауруханаға. Одан заттарды алып, шығарып салып жатсам, күзетте отырған жігіт: «Балаңыз ба? Бірінші күйеуіңіздің баласы ма?» деп сұрады. Шошып кеттім: «Құдай сақтасын, бірінші күйеуім де, екінші күйеуім де – бір адам. Отыз жыл отасқан күйеуімнен туған балам. Менің бір ғана күйеуім бар» деп жауап бердім. Сөйтсем ол да «жас күйеуін көрсетті» деген жаңалықты көрген екен. Бірақ сол жақсы болды. Сондан кейін күйеуімді ел тани бастады. Күйеуімді көрсете алмай жүр едім», – деп ақтарыла күлді ол.