Кейде жайлы һәм шырайлы, кейде кең…
Неге ғана жалған дүние дейді екен?
Бақи да сол, сақи да сол, рас та сол –
Бір кездерде біз баратын беймекен.
Беймекеннің бет-бейнесін білдік пе?
Әлде бекер көзге кірбің ілдік пе?
Қимайтындай нең қалды деп қинайды-ау
Сұм дүние, сүргін мына тірлікте.
Қысқа дейді сабындай-ақ қамшының,
Сұлбасы да көрінбейді арсының.
Ал, меніңше, бес күндік бұл жалғанда
Қатталады бар асылың, бар шының.
Неге, неге өткінші деп сөгеді.
Сөгетіндей бар ма сөкет себебі?
Бұл дүние бір саңылау қалдырмай,
Жан-жүрекке бар жарығын төгеді.
Абыржытпай айтшы маған, ей, көкем,
Жер мекеннен жақсы ма екен беймекен?
Көріп келмей кереметін о жақтың
Бұл жалғанды неге жалған дейді екен?!
Бес күн дәурен басымыздан өтер-ау,
Өкіндіріп беймекенге кетер-ау.
Пәни жалған жақсылығы болмаса,
Бақидың да мәңгілігі бекер-ау.
«Бүгін – бармын, ертең – жоқпын» демеңіз,
Мәңгі өмір сүру үшін өлеміз.
Жалғау үшін жалған дүние жарығын
Жер мекеннен беймекенге енеміз…
Қорғанбек АМАНЖОЛ
04.07. 2019