Қазақстан құрамасы Амманға қандай құрамда барады?
АСТАНА. 21 ақпан. Қазақстан бокс құрамасы Азия чемпионатына баратын құрамын анықтады. Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев 28 ақпан күні Иордания астанасы – Амман қаласына аттанатын боксшылардың аты-жөндерін атады. Олардың қатарында 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (52 кг), бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы Серік Теміржанов (57 кг), Азияның 2019 жылғы күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллин (63 кг), 2017 және 2019 жылдарғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов (69 кг), 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның қола жүлдегері Әбілхан Аманқұл (75 кг), әлемнің 2019 жылғы чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Рио олимпиялық ойындарының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Василий Левит (91 кг) және әлем мен Азияның екі дүркін күміс жүлдегері, команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) бар.
Азия чемпионаты 3-11 наурыз аралығында өтеді. Ол 2020 жылы Токиода жалау көтеретін Олимпиялық ойындарға лицензия беретін бірінші іріктеу турнирі болғалы тұр. Мұнда Азия мен Океания боксшылары үшін 63 лицензия сарапқа салынады. Атап айтқанда, 52, 57 және 63 килоларға дейінгі салмақтардың әрбірінде үздік атанған алғашқы алты боксшы Олимпиадаға жолдама алады. Ал 69, 75 және 81 килоларға дейінгі салмақтарда – бес, 91 килоға дейінгі және 91 килодан ауыр салмақтарда төрт лицензия беріледі.
«Әрине, жігіттер Олимпиаданың лицензиясын алу үшін барын салады. Мамандар қазір біздің команданы фаворит санап отыр. Мұнда біздің кез келген спортшымыздың өзін жақсы жағынан көрсетуіне мүмкіндігі бар», – деді бас жаттықтырушы.
Бас жаттықтырушының айтуынша, жігіттер Иорданияда барлық салмақта лицензия алуға тырысады, кемінде 6 жолдамаға қол жеткізулері керек. Бұл жолы алға қойылған мақсат толық орындалмай жатса, мамыр айында Парижде өтетін екінші олимпиялық іріктеу турнирде соның орнын толтыруға ұмтылады.