Түркияда жаңа әскери төңкеріс орын ала ма?
АНКАРА. 21 ақпан. Түркияда қазір саяси ортада кеңінен талқыланып жатқан тақырыптың бірі елде жаңа төңкерістің орын алу-алмауы жайы болып отыр. Бұл туралы түріктің «Hürriyet» газеті хабарлады.
«Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның қатты сынға алуына қарамастан, бұл мәселе әлі де билік басындағы партия арасында да, оппозиция арасында да кеңінен талқыланып келеді», – деп жазды осыған орай басылымның шолушысы Абдулкадир Сельви.
«Төңкеріс жөніндегі қауесет – бұл жаңа науқан. Ешкім бұл қармаққа түсіп қалмауы керек, бұл – мемлекетті сату», – деді түрік президенті бұл әңгімелер жайында ойын қорытып.
Оның айтуынша, мұны Американың «Rand Corporation» корпорациясы таратқан. Ол соңғы кездері қарулы күштер сапында 2016 жылы жүргізілген тазалауларға офицерлер наразылық білдіріп жүр, мұның ақыры әскерилер бүліншілігіне апаруы мүмкін деген сыңайда ой білдірген.
«Кеше мен парламентте болдым, – деп жазады Сельви бұдан әрі. – Президент Ердоғанның берік позициясына қарамастан, талқылау әлі жүріп жатыр екен. Дәлірегі, саясаткерлер төңкеріс туралы бұл әңгіменің артында кімнің тұрғанын, ондай қауесетті өргізгенде олардың не табатынын түсінгілері келеді».