«Атамбаев өліп қалмау үшін бәрін істейді» – депутаттар
БІШКЕК. 21 ақпан. Қырғызстанның қазір тергеу оқшаулағышында (СИЗО) жатқан бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың денсаулық жағдайы сын көтермейтін өте қауіпті жағдайда. Бұл туралы АКИpress хабарлады.
Мұны бүгін экс-президентпен кездесіп қайтқаннан кейін Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты жанында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берген депутат Рыскелди Момбеков айтты.
Оның айтуынша, Атамбаев емді тергеу оқшаулығында алатын болады.
«Ол бұрын да қан қысымынан зардап шегуші еді, қазір 80/60 болып тұр екен. Бұл – өте қауіпті жағдай. Қазір денсаулығын сәл де болса жақсарту үшін азаннан кешке дейін әсел салынған шай ішіп отыр. Сондай-ақ өзіне қауіпсіздік қызметкерлерінің жақсы қарайтынын, күніне екі рет спортзалға апарып тұратындарын атап өтті», – деді Момбеков.
«Ол ақырына дейін шыдаймын деп отыр. Біз оның құлап қала жаздап, аяғынан әрең тұрғанын көрдік. Ол бұған дейін өзінің спортпен шұғылданбағанын, енді өліп қалмас үшін бәрін жасайтынын айтты», – деді депутат.
Момбеков соның алдында омбудсмен келген кезде Атамбаевтың қан қысымы күрт көтеріліп кеткенін әңгімеледі. Ол сондай-ақ бұрынғы президенттің өз жақтастарына алғыс білдіріп жатқанын жеткізді.
Депутат Асел Қодуранова түріне қараған кезде-ақ Атамбаевтың қан қысымы түсіп кеткенін байқауға болатынын сөз етті. Мұндай жағдай көбіне таңертең және кешке болады екен. «Бұл түсінікті. Себебі, ол жабық баспананың ішінде отыр. Бірақ оған жақсы қарап жатыр. Ол: «Рахмет бәріне. Олар қолдарынан келген жақсы қызметтерін жасап бағуда» дейді. Оларға өкпесі жоқ», – деді депутат.
Депутаттың ақпары бойынша, Атамбаевпен кездесу кезінде партияның болашағы жайында сөз қозғалған. «Ол тіпті түрмеде отырып та партия туралы, еліміздің келешегі туралы ойланып, өзінің осыған қатысты талдаулары мен болжамдарын білдіріп жатыр. Бізге партия үшін сайлау,а қатысып, бірлігімізді сақтап қалуымыз керек екенін айтты. Партия үшін алаңдап отыр. Сондай-ақ бізге бірнеше тапсырма мен кеңес берді», – деді Рыскелди Момбеков.