Руханият

 ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ӨНЕГЕ

Екінші топтама

Публицист, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің «Сырлы әлем» кітабынан үзінді естеліктер жариялауды жалғастырып отырмыз.

«БЕРІП ҚҰТЫЛ…»

Ақын Мұхамедия Жұмағалиев – менің курстасым. Мықты редактор. Таңдамалы жинағымды реттеп, бас-аяғын жұмырлап берген де, тың дүниелер жазуыма себепші болған да осы досым. Жұлдызы – сарышаян.

Кездескен  сайын: «Менің скорпион досым» деп мақтап қоямын. Ол одан сайын шалқая түседі.

– Жай ғана скорпион емес, ең улысы, «темпераментныйы»! Менімен абайлап сөйлес…

– Жыртыл, жыртыл, досым! – деймін.

Ол одан сайын мәз.

Екеуміз кездескен сайын әзіл-қалжың айтысып, біраз серуендеп қайтамыз. Осыдан кейін екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмай, басым айналып,  мазам кетіп жүреді. «Мұхаңмен енді жолықпай-ақ қояйыншы» деймін. Бірақ досым ғой, артынша ұмытып кетемін де, бірер күннен кейін  қайта қауышамыз.

– Менің қанымды ішіп бітірдің, – деймін әзілдеп.

– Сарышаяндар сондай болады, айтқанынан қайтпайды, – дейді Мұхаң.

– Америка атом бомбасынан емес, осы бір сарышаяндардан өлердей қорқады екен. Өйткені, олар бомба түскен жерде де, тіпті Солтүстік мұзды мұхитта да емін-еркін бір жарым жыл аш өмір сүре береді. Оның шаққанынан  мыңдаған адам құрбан болуда. Осы бір улы жәндік қарны ашса, өз денесінің үштен бір бөлігіне дейін жеп қояды. Егер өміріне қауіп төнсе, аузымен де, артқы құйрығымен де тістелейді екен, – деймін досыма тиістіре. Ал Мұхаң болса, оған мәз.

Екеуміз бірге жүрген кезде сөз таластырған жігіттерге: «Мұхаң айтса, келісіп құтылыңдар», ал, қыз-келіншектерге: «Мұхаң сұраса, беріп құтылыңдар», деп әзіл-шыны аралас мақтап қоямын.

 

«САУЫТ-САЙМАНЫМДЫ АЛЫП КЕЛЕЙІН»           

Ол кездерде  газеттің бас редакторы етіп, партия комитетінде әбден сынақтан өткен қызметкерлерді тағайындайтын. Олардың бір осал жері  баспахана жұмысын, газетті безендіру ісін біле бермейтін.

Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде болған мына оқиға үнемі есіме түседі. Бір күні газеттің  басшысы іссапарда болады да, кезекті номердің макетті редактордың бірінші орынбасары, журналистиканың «майын ішкен» Сабыр Сауытбаев көретін болады. Жауапты хатшының орынбасары Марал сызған макет Сәкеңе ұнамайды. «Мына жердің орнын ауыстыр. Екінші бетті қайта сыз», деп тиісе бастайды. Сол кезде Марал қолында қаламcабының жоқтығын меңзеп:

– Сәке, сәл сабыр ете тұрыңыз, мен қазір сауыт-сайманымды алып келейін, – деп шығып кетіпті.

Редактордың міндетін атқарушы Сабыр Сауытбаев қызметкерінің сөзін шала түсініп, аң-таң отырып қалыпты…

 

«ҚАЗАҚ ТАРТЫП АЛУ ҮШІН ТАНЫСАДЫ»

«Заң» медиа-корпорациясы Астана бөлімшесінің жетекшісі болып, жұмысқа орналастым. Редакция Әділет министрлігінің ғимаратындағы үш бөлмеге орналасқан екен. Алғашқы күннен бастап белгілі қаламгер, ақын, басқарма бастығы Өтепберген Ақыпбекұлымен қоян-қолтық араласып кеттім. Өтекеңмен сыйластығымыз бұрыннан бар-тын.

Арада біраз күн өткен соң жаңадан тағайындалған комитет төрағасының орынбасарына орын керек болып, мені басқа бөлмеге ауыстырды. Қатты ашуланып, өз наразылығымды білдірдім. Бірақ, амал қанша, бала-шағамен араласып отыруға тура келді. Арада көп уақыт өтпей, комитет төрағасы мен орынбасары, Өтекең төртеуміз дәмханада бір дастарханның басында отырып, тамақтануымызға тура келді.

– Сіздер таныссыздар ма? – деді Өтекең әңгімені маған бұрып.

– Иә, иә,-десті екеуі. – Біз бұл кісінің келмей жатып, бөлмесін тартып алдық, – дейді комитет төрағасы.

– Қазақ не үшін танысады? Тартып алу үшін танысады. Егер тартып алмаса, қазақ қазақ болып па, – дейді ақын досым сөзін шегелей.

Сол күні дәмхананың данагөй асабасы, қайран Өтекең болғадай еді…

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button