Ресей депутаты тыйым салынғанына қарамастан, Қазақстанға кірді
АСТАНА. 22 мамыр. Бүгін Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Қазақстан билігі тосқауыл қойғанына қарамастан, біздің елімізге кіріп кетті. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Қазақстанға кіре алмай қала жаздады», – делінген хабарламада.
Әуелгіде шенеунікке оның мұнда сапарын ешкімнің қаламайтыны айтылғаны және паспорттық бақылау аймағы арқылы жіберілмегені атап өтілген еді.
Ресейлік депутат бұдан бір жыл бұрын Донецк және Луганск халық республикаларын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мойындамағанын айта келіп, егер «достық» болмаса, «бәрі Украинадағыдай болуы мүмкін» деп мәлімдеген-ді.
Алайда сондай жаулық ниеттегі депутатқа қатысты Қазақстан тарапынан көрсетілген бұл принципшілдіктің ұзаққа бармағаны да белгілі болды. Көп ұзамай мәселеге Ресейдің Қазақстандағы елшілігі араласып, думаның өкілі аэропорттан ішке жіберіліпті. Ол мұнда Байқоңыр ғарыш айлағына әлдебір шаруамен бармақшы-мыс көрінеді.