Сталиннің әзілдері
Британия жазушысы әрі физигі Чарльз Перси Сноу архив материалдарымен жұмыс жасап болғаннан кейін Сталин туралы күнделігіне: «Ол өзімен тұстас мемлекет қайраткерлерінің кез келгенінен анағұрлым сауатты болған екен. Ағылшынның астарлы әзілінің нағыз үлгісі», – деп жазыпты..
Сталиннің жатыпатар сөздерге шебер болғанының үлгісі ретінде енді мына тәмсілдерді ұсынуға болар еді.
«Шараның» уақытын қысқарту
Бірде Иосиф Сталин КСРО Жазушылар одағының басшысы Александр Фадеевті кабинетіне шақырды. Бірақ белгіленген уақытта қабылдауға оның өзі емес, орынбасары Николай Тихонов келді.
– Фадеев қайда? – деді Сталин.
– Аңға кетіп еді, әлі келіп үлгерген жоқ.
– Біздегі Шверник жолдас та аңға шыққанды жақсы көреді. Бірақ ол сенбі күні кетеді де, жексенбі күні үйінде бас жазады, дүйсенбіде жұмыста отырады.
Осындай екінші «аңшылықтан» кейін Сталин Фадеевті арнайы шақырып алып, оның қайда жоғалып кеткенін тікесінен сұрады.
– «Қуып» кеттім, – деді сонда Фадеев өзінің большевиктік турашылдығына басып.
– Мұндай әдетте қанша күнге созылады?
– Он күнге, жолдас Сталин.
– Ал сіз коммунист ретінде бұл «шараның» уақытын шұғыл қысқартып, үш-төрт күнге дейін азайта алмайсыз ба?
Осыдан кейін коммунист-жазушы Александр Фадеев шынында да жатып алып арақ ішетін күндерінің мерзімін бес күннен асырмайтын болыпты.
Неден бастау керек?
Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдары Сталин туралы түсіргелі жатқан тарихи-революциялық көркем фильмнің басты рөлін сомдаушы әртіс Михаил Геловани өзін бірнеше күнге көсемнің Рица көліндегі саяжайына жіберіп алуды өтінді.
Басшылар мұны Сталиннің өзіне баяндауға мәжбүр болады.
– Геловани неге Рицаға құмар болып жүр? – деп сұрады Сталин.
– Сіздің образыңызға толық енгісі келеді.
– Онда жұмысын менің Туруханскіде өткен жер айдауымнан бастасын.
Сөгіс
Ұлы Отан соғысының қарсаңында Кеңес Одағында жұмысқа 20 минут кешіккен адамға тәртіптік жаза беру жөнінде арнайы жарлық шықты.
Жарлық жарияланған күннің ертеңіне әйгілі әртіс Василий Качалов өзі қызмет ететін МХАТ-қа тура бір сағат кешігіп келді.
Театрда осыған байланысты біраз дүрбелең мен үрей туды. Қатты сасқан театр директоры болған оқиға жөнінде Иосиф Сталиннің өзіне жеделхат салып, не істеу керек екені жөнінде нұсқау сұрады.
Ертеңіне Сталин жолдастан жауап келді. Бас хатшының дұғай сәлемінде мынадай сөздер жазылыпты: «КСРО халық әртісі Качалов жолдасқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы жайында мәліметті дұрыс жеткізбегені үшін МХАТ директорына қатаң сөгіс жариялансын».
«Засядько өзінің шамасын біледі»
Бірде КСРО көмір өнеркәсібі министрінің орынтағына Донбастағы шахталардың бірін басқаратын Засядько деген кісі ұсынылды. Алайда, оның кандидатурасына қарсылар да аз болмады. Олар ұсынылып отырған адамның арақты қатты ішетінін айтып, бұл орынға лайықты емес дегенді білдірді.
Осыдан кейін Сталин Засядьконың өзін жеке шақырып алып әңгімелесті.
– Ішеміз бе? – деп сұрады көсем шахта директоры кіріп келгеннен кейін бір шеттегі үстел үстінде тұрған арақ бөтелкесін нұсқап.
– Сізбен қуана-қуана ішем, Сталин жолдас! Сіздің денсаулығыңыз үшін! – деген Засядько бірден стакандарға толтырып құйды да, тоқтатпастан тартып кеп жіберді.
Шамалы уақыттан кейін көсем «екіншісін» көруді ұсынды. Ештеңеден қымсынбай тұрған Засядько бұл жолы да стакандарды толтыра салып, кідірместен түбіне шейін ішіп салды.
Біраздан соң қонағының жүзіне мұқият барлай қараған бас хатшы оған үшінші рет ішуді ұсынды.
Сол кезде шахта бастығы сыпайы түрде стаканын ығыстырып қойды да, басын шайқап:
– Жоқ, мархабат, енді болмайды, Засядько өзінің шамасын біледі, – деді.
Осы әңгімеден кейін Орталық Комитетте тағы да министрдің бос тұрған орны туралы сөз қозғалып, бірқатар бюро мүшелері ұсынылып отырған кандидаттың араққа үйір екенін және алға тартты.
Бәрін тыңдап болған Сталин сонда:
– Засядько өзінің шамасын біледі, – деді.
Сөйтіп, министр болып бекітіліп кеткен Олександр Засядько ұзақ жылдар көмір өнеркәсібі саласын табысты басқарды.
«Ох, бәрімізді алдап соқты»
Өзіне дейінгі қаншама ел билеушілердің заманындағыдай Иосиф Сталиннің тұсында да адамдардың ұзақ жасау мүмкіндігі жайлы мәселе көп реттерде төтесінен қойылып, оны шешуге елдің білімпаз дәрігерлері мен физиологтары атсалысып тұрды.
Сол кезде аталмыш тақырыппен барынша беріле айналысып жүрген А.А. Богомолец ныспылы украин академигі бар еді. Сол өзінің баяндамаларында адам өмірінің ұзақтығы кемінде 120 жыл болуы керектігін қайта-қайта айтатын.
Бір күні Александр Александрович Сталиннің алдына арнайы шақырылды. Екеуара әңгіме барысында академик өзінің тұжырымына титтей де шүбәсі жоқ екенін білдіріп, ант-су ішеді.
Бұған сеніп қалған Иосиф Виссарионович көрнекті ғалымның жаңалық ашатынына күмәні қалмай, оған тұтас бір институтты бөліп бергізіп, бар жағдайын жасатып қояды.
Алайда, Богомолецтің өзі бірнеше жылдан кейін, жасы 65-ке толған кезінде ауырмай-сырқамай, күтпеген жерден қайтыс болып кетеді.
Оның қазасы туралы хабар жеткен бойда Сталин:
– Ох, академик! Бәрімізді алдап соқтың сен!, – деп айқайлап жіберген екен.
«Сіз өзіңіздікін суға батырыңыз»
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Иосиф Сталин мен Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль екеуі енді неміс флотын не істейтіндері жөнін талқылапты.
Сонда Иосиф Виссарионович Германия әскери кемелерін екі мемлекет арасында тең бөлісіп алуды ұсынады. Бірақ қыңырлығы бір басына жететін және Сталиннің ұсынысын мақұлдағанды одан жеңілген деп түсінетін Уинстон Черчилль келіспей, қайта-қайта неміс корабльдерін суға батырып жіберу керектігін айтып тұрып алады.
Сол кезде Сталин:
– Онда сіз өзіңіз Британияға тиесілі жартысын суға батыра саларсыз, – деп кесіп айтып, кілт тоқтатыпты.
Екі рет
Сталиннің өткір сөздерге шебер болғаны жөнінде көп айтылады. Тарихшылар тиранның мұндай жатыпатарлары жұрттың кейін ойлап тапқандары емес, шын мәнінде оның аузынан естілгендерін де талай жазған екен. Бұл ретте көсемнің ата жауларының өзі оның мұндай тапқырлықтарын мойындаған көрінеді.
30-шы жылдардың ортасында астық дайындауды арттыру жайлы өте өткір мәселе қойылады.
Сонда жиынға қатысып отырған бір облыстың басшысы әңгімені әзілге шаптырғысы келіп:
– Сталин жолдас, сіз білесіз бе, француздар «тіпті ең сұлу деген әйелдің өзі бойында бар нәрсені ғана бере алады» дейді екен, – дейді.
– Есесіне, оның екі рет беруіне болады ғой, – депті мұртты көсем сонда.
Шын тектерін айтты
Сталин бір жолы Мәскеудегі Көркем театрға (МХТ) спектакль көруге келеді.
Ел билеуші ұлы режиссер Станиславский қарсы алады.
Бірақ оның шын тегі Алексеев еді. Бәлки, сасып қалғанынан шығар, әлде шын фамилиясын атағысы келді ме, Константин Сергеевич мұртты көсеммен амандасқанда өзін:
– Алексеев, – деп таныстырып, қолын ұсыныпты.
Сонда оның бетіне тіктеп қараған Иосиф Виссарионович қолын беріп тұрып:
– Джугашвили, – депті.
«Түсіреміз»
1945 жылы Мәскеудегі Үлкен театр композитор Михаил Глинканың «Иван Сусанин» атты операсын сахнаға дайындап жатады. Оның қойылымын Большаков бастаған комиссия мұқият қарап шығады.
Мұның қорытындысында комиссия операның финалындағы «Славься, русский народ» деген фразаны патриархалдықтың иісі бұрқырап тұр деген түсінікпен алдырып тастады.
Оны естіген Сталин:
– Бәрі дұрыс, түсіреміз, – дейді. – Біз тек финалды емес, Большаковты түсіреміз орнынан, ал финал сол қалпында қалады.
«Мен осы жерден түсіп қалайын»
Сталиннің заманында кеңес елінде кинофильмдер көптеп түсірілді. Мұртты көсем солардың бәрін алдымен өз нөкерлерімен бірге көріп шығады.
1939 жылы Кремльдің кинозалында «Пойыз шығысқа барады» деген кезекті фильмнің көрсетілімі болды. Картинаның оқиғасы жүйесіз, мылжыңбай бірдеңе екен.
Оған қарап отырған Сталин бір кезде әбден жалыға бастайды. Сол кезде состав кезекті станцияға келіп тоқтайды. Мұны көріп отырған Иосиф-тиран қасында отырған жоғары шенді бір қызметкерден:
– Бұл қай станция? – деп сұрады.
– Никитовка.
Сол кезде Сталин:
– Қой, онда мен осы станциядан түсіп қалайын, – деп орнынан шұғыл тұрып, кинозалдан шығып кеткен екен.