Қытай Ресейді ығыстырып, Орталық Азиядағы өз ықпалын күшейтпекші
БЕЙЖІҢ. 19 мамыр. Қытай Ресейді Орталық Азия елдерінен ығыстырып шығарып, бұл аумаққа өзінің ықпалын күшейтуге кіріскелі отыр. Бұл туралы әлем баспасөзіне шолу жасаған rast.kz хабарлайды.
«Қытай Ресейдің Украинада соғысып жатуы аясында және АҚШ-тың Ауғанстаннан кеткенін пайдаланып, посткеңестік Азия елдерімен экономикалық және әскери ынтымақтастықты арттыруда», – делінген Reuters хабарламасында.
ҚХР төрағасы Щи Дзиңпиң Ресейдің ықпалында дәстүр ыңғайымен болып келген Орталық Азияны дамытудың ауқымды жоспарын жариялады. Ол Қазақстанмен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен тығыз экономикалық және әскери ынтымақтастықты орнатуды көздейді, сондай-ақ олардың инфрақұрылымын айтарлықтай жаңғыртуға серпін бермекші болып отыр.
Қытай лидері мұны осы 5 мемлекеттің президенттері қатысқан «Қытай – Орталық Азия» саммитінде баяндады.
«Бұл саммит алты елдің дамуы мен жандануына жаңа серпін беріп, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылыққа күшті оң қуат әкеледі. Біз жоғары деңгейде терең толықтыратын және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа парадигмасын бірлесіп дамытатын боламыз», – деді Щи.
Сарапшылар Қытайдың осылайша Украинамен соғысып жатқан Ресейді бұл маңнан ығыстырып шығарып, ресурстарға бай аймақтың басына өзін қойғысы келетінін атап өтті. Сондай-ақ, Ауғанстаннан әскерін әкеткеннін кейін АҚШ-тың Орталық Азиядағы процестерге әсері айтарлықтай әлсірегені тағы бар.
ҚХР басшысының айтуынша, Қытай әріптес елдерге экономикалық қолдауды арттырады, олардың логистикалық мүмкіндіктері мен туристік саласын дамытады.
«Біздің ынтымақтастығымызды нығайту және Орталық Азияны дамыту үшін Қытай Орталық Азия елдеріне жалпы сомасы 26 млрд юань (3,8 млрд доллар) қаржылық қолдау мен гранттар береді», – деді ҚХР көшбасшысы.
Ол Қытай – Орталық Азия газ құбыры D желісінің құрылысы жеделдетіліп, аймақ елдерінің Қытаймен мұнай және газ саудасы ұлғайтылатынын айтты. Сондай-ақ энергетикадағы, оның ішінде атом саласындағы ынтымақтастық жандана түседі.
Ұзақ мерзімді перспективада Қытай Каспий теңізі арқылы халықаралық көлік дәлізінің құрылысын қолдайды және Қытай-Еуропа жүк пойыздары үшін көлік тораптарының дамуын күшейтеді.
Айта кетейік, Қытай мен Орталық Азия арасындағы екіжақты сауда өткен жылы рекордтық 70 миллиард долларға жетті, бұл ретте 31 миллиард долларға сауда-саттық жасаған Қазақстан көшті бастап тұр.
Щи экономикадан бөлек, әскери саладағы ынтымақтастықты да қамтып өтті. Оның айтуынша, Қытай Орталық Азия елдеріне аймақтағы бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік пен қорғаныс әлеуетін арттыруларына көмектесуге дайын.
Орталық Азияның посткеңестік елдерінде дәл осы тақырыпқа қатысты алаңдаушылық күн сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің басқыншы армиясының өз елдеріне басып кіру қаупінен қорқатын қазақстандықтар саны соңғы алты айда екі есеге өскен. Мысалы, өткен жылғы желтоқсаннан қазірге дейін Қазақстанда мұндай үрейге берілушілік 8,3%-дан 15%-ға дейін көтерілген. Украинадағы оккупациялық соғысына байланысты Ресейді ұнатпаушылық Қазақстанда тұрғындары арасында барған сайын артып келеді.
Фото Синьхуа агенттінен алынды