Біз сөз еткелі отырған оқиға кезінде тек Қазақстанды ғана емес, сонымен бірге бүкіл Одақты да дүр сілкіндірді. Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің 10 қызметкері адам өлтіргендері, азаптағандары және жемқорлықтары үшін әртүрлі жазаларға кесілді. Содан бері 36 жылға жуық уақыт өтіпті. Ал қаланың байырғы тұрғындары бұл дүрлігісті істі әлі ұмыта қойған жоқ.
1984 жылдың 10 мамыры күні таңертең Целиноград әскери комиссариатына жүзі әлденеден қабаржып, күреңітіп кеткен бір жас әйел келіп кірді. Ол сыртқы есіктен еніп, табалдырықтан аттаған бойда өзіне бірінші жолыққан офицерге:
– Менің күйеуім қайда? Менің күйеуімді қайда жібердіңдер? – деп дүрсе қоя берді.
Мұны күтпеген офицер оны:
– Азаматша, басылыңыз. Не болды, түсіндіріп айтыңыз, – деп тоқтатты.
Сонда барып келіншек өзінің әбес кеткенін ұғынып, не болғанын айта бастады. Оның баяндауынша, 8 мамыр күні күйеуі Сергей Поляничко әскери комиссариаттың шақыртуымен осында кеткен көрінеді. Міне, содан бері екі күн өткенімен, үйге әлі оралмапты, қайда жүргені белгісіз.
Сол кезде барып офицер істің мән-жайын ұққандай болды.
– Азаматша, сіз онда күйеуіңізді милициядан іздеңіз, – деді ол сабырлы сөйлеуге тырысып. – Оны милиция алып кетті.
Астрахань ауданына қарасты Киров атындағы колхоздың 30 жастағы тұрғыны Поляничконы Целиноград аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің алып кеткені рас болып шықты. Сергей әскери комиссариат үйінің ауласына кіре берген кезде, жанына келіп тоқтаған «Газ-69» көлігінен түскен Игорь Чапек есімді қылмыстық істер бөлімінің жедел уәкілі оны өзімен бірге алып кетіпті. Содан қайтып мұнда оралмаған.
Ал АІІБ-дегілер Поляничконың мұнда совхозда екі айдан бері орын алып жатқан ұрлықтарға қатысы бар деген күдікпен әкелінгенін айтады. Куәлар оны соңғы ұрлық болған жерден көрген. Сондықтан тергеуден өткізілген. Соңынан бұған қатысы болмағаны анықталғасын, үйіне қайтарып жіберілген.
Кешкі сағат 10-ның кезінде қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Мақсат Қалиев оны жеке өзі босатқан екен.
– Кешір, бауырым! – дейді Мақсат. – Біздің жұмысымыз осындай. Реніш болмасын. Мә, автобусқа төлеу үшін ал.
Осыны айтып, қолына 10 тиын ұстатыпты да, бөлім кезекшісін шақырып, Сергейді шығарып салуды тапсырыпты.
Бірақ содан кейін Поляничконы тірілей көрген ешкім болған жоқ.
Сергейдің әйелі Ольга сосын бөлімде отырып, күйеуінің жоғалып кеткені туралы шағым жазып қалдырған. Бұл жерден шыққаннан кейін қайын атасы екеуі қаланың барлық ауруханалары мен мәйітханасын аралап шығады.
Алайда, Ольга Поляничко бірнеше күннен кейін милицияда ешкімнің де күйеуін іздеп жатпағанына көз жеткізеді. Сондықтан прокуратураға арызданады. Ал прокуратура тергеушілері 4 маусым күні оның ізін іздестіруді Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінен бастайды. Мұндағылар болса, хабар-ошарсыз кеткен жігітті бұдан бірнеше күн бұрын ұрлық ісі бойынша тергегендерін, бірақ қылмысы дәлелденбегесін, босатып жібергендерін айтып, тағы судан ақ болып шыға келеді.
Арада үш апта өткенннен кейін, 25 маусым күні Есіл өзенінің Черкасское ауылынан екі шақырым жердегі арнасынан бір ер кісінің басы кесіліп алынған мүрдесі табылады. Оның үстінде мәйкі ғана бар екен. Сот-медицина сараптамасы марқұмның ішке қан кетіп қалуы салдарынан қаза тапқанын анықтайды. Шамасы, өлтірілер алдында біраз таяқ жегенге ұқсайды. Жараның орны тексерілгенде, бастың пышақпен кесіліп алынғаны белгілі болады.
Прокуратура тергеушісі мәйіттің кемінде төрт аптадай судың астында жатып қалғанын білгеннен кейін оның сонша уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткен Сергей Поляничконікі екеніне көп шүбәлана қойған жоқ. Оның үстіне, бойы мен дене құрылысы келіп тұрды. Алайда, әйелі мұның Сергей екеніне жүз пайыз сенімді бола қоймайды. Сірә, қылмыскер де кейін тану қиын болуы үшін мәйітті әдейі суға тастаған сияқты.
Ольганың сол күні үйден күйеуі қандай киіммен кеткенін есіне түсіре алмауы да жұмбақтың шешілуін қиындата түсті. Ол тіпті Сергейдің қаны қандай топқа жататынын да білмейтін болып шықты. Бұлардың балаларының қандары үшінші және төртінші топтан екен, ал мәйіттің қаны үшінші топты көрсетті.
Соңында марқұмның үстінде қалып кеткен мәйкі криминалистерге құпия түйіннің тарқатылуына жол ашты. Бұлай болатыны, мамыр айында Сергей Целиноградта құрылыс нысанында бетоншы болып жұмыс істепті. Күн ыстық болғандықтан, оларға мәйкішең жүруге рұқсат етілген екен. Міне, оның сол ішкиімінен құрылыс материалдары құрамына кіретін макро талшықтар табылған. Осылардың бәрін сараптай келген тергеуші ақырында мәйіттің Сергей Поляничконікі екеніне күмәнсіз тоқталады.
Осыдан кейін марқұмның айналасы тексеріле бастайды. Сонда қайғылы оқиғаның алдында ғана онымен кикілжіңге келіп қалған Киров атындағы совхоздың Дмитрий Никитенко және Болат Мәжитов деген екі тұрғыны күдікке ілігеді. Сөйтсе, сарайларына ұры түсіп жүргені жөнінде милицияға шағым берген солар екен. Бірінен машинаның қосалқы бөлшектері, екіншісінен тауық ұрланған бұл екеуі күдікті ретінде Поляничконы атап көрсетіпті. Олар Сергейді ашықтан ашық ұры деп атап, оны жазалауды сұрапты. Сол үшін бұлар марқұммен төбелесіп қала да жаздаған.
Тергеушілер енді осы екеуімен шұғылданады. Тергеу кезінде Никитенко 8-9 мамыр күндері үйде болғанын айтады. Мұны әйелі мен көршілері де растайды. Үйді тінту кезінде күдік тудыратындай ештеңе табылмайды. Ал Мәжитов сол пәйтте ауылда болмай шықты. Жұрттан сұрастырғанда, оның бұл күндері ақша табу үшін Целиноградта жұмыс істеп жүргені айғақталады. Болат кейін шақыртумен тергеуге келгенінде, 8 мамырда жұмыста болғанын дәлелдейтін құжаттарын әкеп көрсетеді. Сонымен бірге 9 мамырды өз үйінде өткізгені де мойындалады.
Осылайша, іс тұйыққа тіреледі. Бұдан кейін оны жалғастыру үшін ешқандай ілік кездеспейді. Сонымен, бұл «ілгекті» істердің қатарына қосылады. Алайда, қылмысты ашудың орайы арада екі жарым жыл өткеннен кейін ойламаған жерден келе қалады. Бұған жоғарыда аталып өткен Целиноград аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Иван Лукьяновтың 1986 жылдың 5 қазаны күні жұмбақ жағдайда үшті-күйлі жоғалып кетуі арна тартып береді.
Содан небәрі екі күн ғана бұрын Лукьянов кабинетіне Мақсат Қалиевті шақырып алып, екі күннен кейін жедел уәкілдердің бірінің үйіне кәсіби мерекеге сай дастархан жайдыруды тапсырады. Сосын ет, жеміс-жидек, спиртті ішімдіктер сатып алу керектігін айтып тұрып, қалтасынан 25 сом ақша суырып береді.
– Мен мұны тастай қылам. Кетуге рұқсат етіңіз, – деп лыпылдайды анау.
– Орында!
Мәселе мынада, 1917 жылы 5 қазанда Кеңес Одағында НКВД жанынан қылмысты іздестіру басқармасы құрылады. Содан бері сала инспекторлары негізгі мереке болып табылатын 10 қарашадан бөлек бұл күнді де жыл сайын өз беттерінше атап өтіп келеді екен.
Сонымен, жексенбі, 5 қазан күні ішкі істер бөлімінің алты қызметкері екі көлікке мініп, қаланың сыртына тартып кетеді. Олар кешке қарай Хасанов деген жедел уәкіл үйінің кең жайылған дастарханы басында бас қосады. Келгелі арақ ішіп, әзіл айтып тойлаған милиционерлер түнгі 11-ге дейін отырады. Содан кейін басқаларға қарағанда тың көрінген Мақсат Қалиев өз көлігімен бәрін таратуға кіріседі. Бұлар алдымен біраз қызу қалыпқа жеткен бастықтары Лукьяновты үйіне жеткізеді.
Алайда, шамамен бір сағаттан кейін Қалиев қайта келіп, қоңырау қағады. Ол өзіне есік ашқан үй иесінің әйелі Надежда Васильевнадан Иван Петровичті шақыруды сұрайды.
Артынша Лукьяновтың өзі де көрінеді.
– Қалиев, неге ұйықтамай жүрсің? Сағат бір болды ғой, – деп ұрса келеді ол.
– Жолдас бастық, құтқарыңыз. Анда автоинспекторлар біздің қызметкерлерімізді ұстап алыпты, – деп міңгірлейді сонда Қалиев.
– Жақсы. Көреміз. Мен қазір киінейін…
Лукьянов бес минуттан кейін киініп келіп, Қалиевпен бірге төменге түсіп кетеді. Бірақ Надежда Лукьянова содан қайтып күйеуін тірі көрмейді. Ол жұбайына бір жағдай болып қалғанын сезгендей, түнімен ұйықтай алмай шығады.
Әйел күйеуін келесі, 6 қазан күні түске дейін тағы күтеді. Болмағасын өткен түнде жолдасын үйінен ұйықтап жатқан жерінен тұрғызып алып кеткен Қалиевке телефон шалады. Ол МАИ қызметкерлерімен болған даудың оңды шешілгенін, соңынан Иван Петровичті өз сұрауы бойынша 40-шы теміржол станциясы маңына апарып қалдырып кеткенін айтады. Бірақ бұл жауап әйелді қанағаттандыра қоймайды. Себебі, сейсенбіде үйде қонақ күтетін болып отырғанда Иванның бұлайша жауапсыз кете салатынына сенбейді. Мұның үстіне, Мақсаттың сөзінен жалғандықтың есіп тұрғанын сезгендей болады.
Ертеңіне, 7 қазан күні таңертең Надежда Лукьянова аудандық ішкі істер бөліміне келіп, айқай шығарады. Ол мұндағы қызметкерлерден күйеуін тауып беруді талап етеді.
– Надежда Васильевна, ол үстіне қандай киім киіп еді? – деп сұрайды сонда Мақсат Қалиев.
– Ей, кеңкелес, оның қандай киім киіп кеткенін сен менен сұрап отырсың ба? – деп іле жауап қайтарады оған Лукьянова сонда. – Үйден келіп алып кеткен өзің емес пе едің? Оны ең соңынан көрген де сенсің. Мен сенің бір нәрсені айтпай, бүгіп отырғаныңды анық сезіп отырмын. Айт, қане! Ол не?
Сол кезде Қалиев осы кезге дейін өз басшысының бір құпиясын ешкімге білдірмей, іште сақтап келгенін, оны бұған дейін өзінің сұрауына сәйкес анда-санда 40-шы станция жаққа апарып тастап келіп жүргенін айта бастайды. Оның мәлімдеуінше, Иван Петрович сол жақта бір жас келіншекпен кездесіп тұрған. Бұл оны бір үйдің ауласына апарып тастайды, бірақ нақты қай пәтерге кіретінін білмейді. Бұрнағы күні түнде де Лукьянов қонақтан қайтып келе жатқанда, біраздан кейін бір сылтау тауып, өзін үйінен алып шығуды өтініпті-міс.
Мына әңгімеге Надежда Лукьянова оншалықты илана қоймайды. Сонда да, бөлім қызметкерлерінің күйеуі мен жұмбақ әйелді 40-шы станция ауданы аумағынан іздеулеріне қарсы болмайды. Алайда, жоғалып кеткен тұлғаның дерегі айтылып отырған жақтан өлі күйінде де, тірі күйінде де шықпайды.
Бұдан кейін Надежда Лукьянова күйеуінің туыстарымен бірге прокуратураға шұғыл шағым түсіреді. Сол-ақ екен, нағыз қарбалас тексеріс басталып кетеді. Бұл хабар Алматы мен Мәскеуге де шұғыл жетеді. Енді тексерушілер сол жақтардан келеді. Істі қолға алған одақтық және республикалық Ішкі істер министрліктерінің жедел уәкілдері аудандық ішкі істер бөлімінде ішкі тексеріс жүргізіп, ондағы қызметкерлердің бірін қалдырмай тергеудің астына алады. Оның барысында Иван Лукьяновтың өзі жоғалып кететіннен екі апта уақыт бұрын, қыркүйек айының ішінде қарауындағылармен жедел кеңес өткізіп, бәрінің шаңын қағып алғаны анықталады.
– Сендер, шамасы, мені ештеңе білмейді деп жүрсіңдер-ау, – дейді ол қатты ашуға беріліп. – Бәріңде де ашылмай келе жатқан «ілгекті» істер толып жатыр.
Шынында Лукьяновқа бөлімді жемқорлықтың жайлап алғаны, қызметкерлердің күдіктілерге қылмысты мойындату үшін оларды аяусыз азаптайтыны жайлы деректер бұл кезде жетіп қойған еді. Мәселен, жедел уәкілдер әлдекімді ұрлық жасады деген күдікпен ұстайды да, сол жөнінде айғақ алу мақсатында оған противогаз кигізіп қояды. Егер көпке дейін көнбесе, противогаздың шүмегін жауып тастайды, ал бұлардың айтқандарына келісе бастаса, қайтадан оттегі жібереді. Бөлім бастығының орынбасары бұл жайында жақында естіген болып шықты.
– Бұлай жұмыс істегенді тоқтатыңдар! – деп айқайлады ол. – Қоймасаңдар, мен сендерге көрсетемін!
Жедел кеңесті осылай қаһарлы дауыспен аяқтаған Лукьянов қарауындағылардың бәрін сөзбен сойып салады. Мұнда, әсіресе, Қуаныш Сәбитовқа барынша көбірек соққы тиеді. Басшысы оның жұмысты шабан атқаратынын және адал істемейтінін сынға алады. Әлбетте, бұл сындар тергеушіге оншалықты ұнай қойған жоқ еді. Бәлки, Иван Петровичке тісін қайрап, кегін қайтарып жүрген сол шығар? Бұлай болуы әбден мүмкін ғой. Бірақ 5 қазанның кешінде Қуаныш қылмысты іздестіру бөлімінің күнін атап өткен әріптестері арасында болған жоқ-тын. Ал оның әйелі өздерінің бұл күні түнде күйеуінің Черниговка ауылында тұратын ата-анасы үйінде болғанын айтып, бұл істен тысқары екенін білдіреді.
Тексеріс Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінде шынында жемқорлықтың қатты қанат жайып кеткенін көрсетеді. Ондағы бас парақор социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес бөлімінің бастығы Жанболат Нұрбеков болып шықты. Қамауға алынған ол бірінші болып үнсіздікті де бұзды. Лукьяновтың жоғалып кеткеніне екі ай болғаннан кейін, 5 желтоқсанда Нұрбеков жасалған қылмысқа қатысты бірінші мойындау көрсетімін бере бастайды.
Осыған орай Иван Лукьянов жоғалып кетерден екі апта уақыт бұрын, қыркүйек айының ішінде Целиноград аудандық ІІБ-нің Мақсат Қалиев, Жанболат Нұрбеков, Валерий Тарасов, Ғабит Жандарбеков және Қуаныш Сәбитов есімді бес қызметкері өзара келісімге келіп, одан кек қайтарудың жоспарын құрады. Бұл үшін олар Иванды арақ ішіп алатын кездерінде дөп басып, медициналық айықтыру мекемесіне тапсырып жіберу үшін оны аңдуға кіріседі. Операцияны шегіне жеткізу ағатайы айықтырғышта жұмыс істейтін Жандарбековке жүктеледі.
Инспекторлардың алғашқысы екі операциясы сәтсіз аяқталады. Олар Лукьяновтың бір досының үйінде арақ ішіп отырғанын біліп, сол ғимараттың жанына келіп, оның сыртқа шығатын кезін күтіп тұрады. Ал Иван қонып қалады. Екінші кезек қылмысты іздестіру қызметкерлері күні аталып өткен 5 қазанға тура келеді. Бұл күні оны отырыстан кейін Қалиев пен Тарасов үйіне шығарып салады. Үйдің алдында үш жігіт Лукьяновтың жолын тосады. Бірақ олар келген кезде бұл жерде жалғыз Жандарбеков қана тұрады. Ал Сәбитов пен Нұрбеков бастықтарының қашан келетінін білмек болып телефон соғу үшін кетіп қалған екен.
Осы сәтсіздіктен кейін бұлар – Қалиев, Тарасов, Сәбитов, Нұрбеков, Жандарбеков екі машина болып соңғысының үйіне барады. Бәрі екі бөтелке коньяк ішеді. Сосын үшіншісін ашады. Соны ішіп отырып, тағы да жоспар түзуге кіріседі.
– Лукьяновты үйінен алдап алып шығып, медициналық айықтырғышқа апарып тапсыру керек, – дейді Тарасов.
Ендігі сызылған жаңа жоспар бойынша, Қалиев «МАИ инспекторлары Хасановтың үйінен мас болып шыққан басқа қызметкерлерді ұстап алып, жібермей жатыр» деп алдау жолымен бөлім бастығының орынбасарын үйінен алып шығуға тиіс болады. Бұдан кейін силикат зауыты ауданы жаққа барғанда қалғандары Лукьяновты ұстап, айықтырғышқа алып кетулері керек. Әріптестері коньяк ішіп, шуылдасып отырғанда, Тарасов байқатпай, ас үйге өтіп, қалтасына пышақ салып алады.
Бұдан кейін Мақсат Қалиев, жоғарыда айтылғандай, Иван Лукьяновты үйінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан жерінен оятып, алып шығады. Сосын бұлар силикат зауыты жаққа барады. Шын мәнінде АІІБ бастығы орынбасарының ешқандай да көңілдесі жоқ еді. Оны Қалиев қапелімде ойдан шығарып алған-ды. Мақсат зауытқа жете бергенде, автомобилін өшіріп, өзі жерге түседі. Мотор дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айтқан ол капотын ашып, двигательді қараған болады. Сол кезде екінші машинамен қалғандары жетеді. Олар ештеңеден күдік ала қоймаған бастықтарынан өз көліктеріне ауысып мінуді сұрайды. Сөйтіп, Лукьянов, Нұрбеков, Тарасов және Жандарбеков Сәбитовтің көлігіне отырып, 40-шы станция ауданына қарай беттейді. Қалиев сол кезде Целиноградқа қарай заулап бара жатады.
Ал бес қызметкер жайғасқан машинаның ішіндегі Лукьянов пен Тарасов жолай бір-біріне кінә тағысып, жанжалдасып қалады.
– Мен сен жайында бәрін де білемін деймін, – дейді Иван. – Сенің не істегеніңді де білемін…
Бір кезде Сәбитов Херсоновка ауылына жақындап қалғанында қайың орманының арасына тоқтайды. Бәрі сол жерде машинадан түседі. Лукьянов пен Тарасов былай шығып, айқайласа жөнеледі. Бірақ бұлардың тәжікелесуі тым ұзаққа бармайды, қонышынан бағанағы Жандарбековтің ас үйінен ұрлаған пышағын суырып алған Валерий Иванның мойын тұсын көздеп ұрып қалады. Сол-ақ екен, Лукьянов тізерлеп отыра кетеді. Ал қызып алған Тарасов пышақты тағы бірнеше рет бойлата сұғады.
Сол уақытта бұлардың жанына Жандарбеков келеді.
– Не істеп жатсыз?
– Көзін осылай жоймасақ, бұл бәрімізді түрмеге отырғызады. Мә, пышақпен басын кесіп ал, – деп бұйырады Тарасов оған.
Ғабит бастығының бұйрығын орындамақшы болғанымен, аяқ-қолдары дірілдеп қоя берді. Сол шақта Валерий машинаның жүксалғышынан тік күрек әкеліп, марқұмның басын сонымен бөліп алуға кіріседі. Ол бірнеше рет қадап ұрғаннан кейін бас денеден бөлініп қалады.
– Неге тұрып қалдыңдар? Енді біздің бәріміз бір жіпке байландық. Одан да тездетіп жер қазыңдар, – деп бұйырады ол басқаларға.
Мына сұмдық көріністі көріп тұрған Сәбитов, Нұрбеков, Жандарбеков қорыққаннан қалтырап кетсе де, кезектесіп үн-түнсіз шұңқыр қаза бастайды.
Бұлар Лукьяновтың басын осы қазылған ойыққа көміп, денені машинаға тиеп алып, қалаға тартады. Олар жолай Жандарбековтің үйіне қайта соғып, машинаға брезент, жіп, он килолық плита салып алады. Сосын Қарағанды трассасына түсіп, жолдағы көлдің маңына барып тоқтайды. Сол жерде мәйітті брезентке орап, сыртынан жіппен шандып, бәрінің үстіне плитаны байлап, су айдынына тастайды.
Түн қатып, түстері қашқан қарақшылар тобы таң саз бере Целиноградқа оралады. Қалаға келгесін Қуаныштың көлігін жақсылап жуады. Сосын басқа көлікке ауысып мініп, ет комбинаты жақта Лукьяновтың киімдеріне от қояды.
Ж. Нұрбековтің көрсетімінен:
«1986 жылғы 5 қазанда жалған жолдастық сезіммен Сәбитов пен Тарасовқа еріп қалдым. Қылмыс жасалған жердегі Тарасовтың Лукьяновқа қатысты әрекетінің күтпеген жерден бұрқ етуі, оның тұтанып тұрғаны, өктемдігі, қаһарға мініп алуы және қолында пышақтың болуы менің оқиғаны тез бағамдап, бағдар алып, қарсы тірлік жасауыма мүмкіндік бермеді».
Басқалар да шамамен осы мазмұндас түсініктемелер жазады.
– Бұдан кейін Тарасов бірден тұтқынға алынды. Ол ештеңеден бас тарта алмай қалды, – деді Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі қылмысты іздестіру басқармасының жедел уәкілі Дмитрий Чумак кейін арада көптеген жылдар өткесін.
Осыдан кейін бұдан екі жарым жыл бұрын қыршынынан қиылған Сергей Поляничконы кімдердің өлтіргенін табу қиынға соққан жоқ. Мұны Мақсат Қалиев пен Валерий Тарасов бірден мойындады. Олар 1984 жылдың 8 мамыры күні құрылысшы жігіт ауылында ұрлық жасағаны жөніндегі көпе-көрнеу бопсаны растамағаннан кейін оны кешкі сағат 10-да кезекшінің көзінше құлып астынан босату спектаклін ойнайды. Ал Поляничко аялдамаға жете бергенде, оның жанына «Газ-69» көлігі тоқтай қалады. Одан түскен Чапек пен Тарасов аң-таң болып тұрған жігітті күштеп машинаға мінгізіп әкетеді.
Бұлар қаладан шығып, елсіз құла дүзге бет алады. Жолай бұларға Қалиев қосылады. Кабинаның артқы жағына жайғасқан ол Тарасов екеуі Поляничконы ортаға алып, екі жақтан соққылай бастайды. Ұрған сайын одан ұрлықты мойнына алуды талап етеді. Көлік май құю бекетіне келген кезде, Сергей алдыңғы екі орындықтың ортасында жатқан пышақты алып, соны жасқаумен сыртқа шығып кетпекші болады. Бірақ анау екеуі жабылып жүріп, суық қаруды қолынан тартып алады. Сол кезде жігіттің айқайлай бастауынан қорыққан олар май құйып алуға үлгермей, тез жүріп кетіп, Астрахань тас жолына түседі.
Бұлар сосын айдалаға келіп аялдайды. Сол жерде үшеуі Поляничкоға противогаз кигізіп, тергей бастайды. Ол «иә» деген кезде оттегі жіберіп, «жоқ» дегенінде оны қайта жауып тұрады. Соңынан жігітті жерге жатқызып қойып, үшеуі үш жақтан тепкінің астына алады. Соның салдарынан Сергей жантәсілім етеді. Содан соң қанішерлер мәйітті көлікке салып алып, Черкасское ауылының тұсына барып тоқтайды. Өлікті кейін ешкім танымауы үшін Тарасов пен Қалиев одан басын айырып алып, сол маңға көміп кетеді. Ал денені Есіл өзені үстіндегі көпірден арнаға лақтыра салады.
Қаныпезер қылмыскерлер Целиноградқа қайтып келе жатқан жолда Луговое ауылы маңында Поляничконың киімдерін өртеп жібереді. Тек үстінде мәйкесін ғана қалдырады. Кейін криминалистердің осы ішкиім арқылы мәйіттің кімдікі екенін анықтай алғанын біз жоғарыда айтып өттік.
Барлық айғақ келтіріліп тұрғаннан кейін күдіктілердің өз қылмыстарын түгел мойындамасқа амалдары қалмады. Бұлардың арасындағы ең қатыгезі Тарасов болып шықты. Қылмыстық топтың басшысы да сол екен. Ол өзінің пән бойынша көрсетімі кезінде қашып кетуге де әрекет етіп көреді. Бірақ оған жол берілмейді.
1987 жылдың жазында аталған іс бойынша сот болып өтті. Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің 10 қызметкері айыптылар орындығында отырды. Оларға күдіктілерді азаптады, адам өлтірді және жемқорлыққа салынды деген айыптар тағылды. Сот шешімімен Мақсат Қалиев, Жанболат Нұрбеков және Игорь Чапек мүліктері тәркілендіріліп, 11 жылдан 13 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Сол сияқты Ғабит Жандарбеков пен Қуаныш Сәбитов социалистік меншікті талан-таражға салғандары үшін 5 жылға қапасқа қамалды. Қалғандары әртүрлі шартты жазалар алды.
Ал «дала жендеті» атанған Валерий Тарасов қарақшылар тобының басшысы ретінде ең жоғары жаза – атуға кесілді. Бұл қанышердің айуандық әрекеттері туралы жұрт көпке дейін үрейлене сөз етіп жүрді. Бірақ үкімді естіген кезде ол көзі бозарып, денесі дірілдеп, тізерлеп отыра кетті…
***
P.S. Мақалада қылмыстық іс фигуранттарының аты-жөндері өзгертіліп алынды.
Серік ПІРНАЗАР