Қорықшыны өлтіргендер өмірлік жазаға кесілді
ҚАРАҒАНДЫ. 21 ақпан. Қарағанды соты «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірді деген айып тағылған үш сотталушының әрқайсысына өмір бойы түрмеде отыру жазасын белгіледі. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Сотталушыларға сондай-ақ Нұрғалиевтің әріптесі Петр Ныцикті өлтіруге әрекет жасады және заңсыз аң аулаумен айналысты деген айыптар да тағылды.
Сотталушылар орындығында Қызылорда облысының 7 азаматы отырды. Бұлардың жастары 32-53 аралығында екен. Бәрінің де отбасылары бар. Біреулері ресми түрде жұмыс істеген, екінші біреулері көлденең табыспен күн көріп келген.
Бұл қанды оқиға 2019 жылғы 13 қаңтарда Қарағанды облысының жерінде орын алған. Тергеудің болжамы бойынша, бұл адамдар екі машинаға мініп, киігі көп Нұра ауданына тартады. Сонау Қызылордадан. Олар өздерімен бірге бірнеше аңшы мылтығы мен патрондар ала келеді. Мақсаттары киік атып, мүйіздерін кесіп алу болған. Тергеушілердің мәліметі бойынша, браконьерлермен кездескенге дейін 17 ақбөкен атып үлгереді. Олардың 13-і теке, 4-і ұрғашы екен. Қарағанды облысы орман және жануарлар әлемін қорғау инспекциясы бұлардың құны 45 миллион теңгеден асып кететінін баяндады.
Сол 13 қаңтар күні «Охотзоопром» жануарлар әлемін қорғау бірлестігінің құрамында Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ныцик бар төрт адамнан тұратын инспекторлар тобы қызметтік мақсатпен өздеріне қарасты аумақта шолу-барлау жасай жүріп, Нұра ауданындағы Теңіз көлі маңайынан ықтимал браконьерлерді байқап қалады. Бұларды көрген олар қаша жөнеледі. Инспекторлар соңдарына түсіп береді. Екі джиппен қашып бара жатқандар инспекторлардың тоқтау жөніндегі сигналдарына құлақ аспайды. Бір кезде қашқындар екіге бөлінеді. Сосын қуғыншыларға да екіге бөлінуге тура келеді. Бір кезде Нұрғалиев пен Ныцик бір джиптің дөңгелегіне оқ атып тоқтауға мәжбүр етеді. Сол жерде бұл екеуіне бір көліктегі үш адам жабыла кетеді. Олар инспекторларды ұрып тастайды. Төбелес кезінде Нұрғалиевтің бас сүйегі сынып, миына қатты залал келеді, кеудесінің көп жері қанталап кетеді. Кейін артынан келген інісі Ерланды Астананың ауруханасына жеткізеді. Бірақ ол 15 қаңтар күні таңертең есін жимаған күйі, өзінің 53-ке толуына 15 күн қалғанда жантәсілім етеді. Ал Петр ашық бас сүйегі жарақатын алып, ұзақ уақыт ауруханада емделіп шығады.
Қызмет бабында жүрген бір қызметкерді өлтірген және екіншісін өлтіруге әрекет еткен қаныпезерлер көп уақыт бойы жасырынып жүреді. Ақырында полиция қызметкерлерінің табандылығы арқасында қолға түседі.
Айыпталушылардың соты өткен жылғы тамыз айында басталды. Ол кезде істі судья Бекзат Шалғынбаев қарады. Бірақ кейін іс судья Қайрат Қасымовтың қолына өтті. Соңғы сөзді де сол айтты. Оның үкімі бойынша, сотталушылар Қайрат Ақшановтың, Берік Ахметовтің және Нұрлан Шүкілдіковтің әрбірі өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілді. Сот оларды сондай-ақ «заңсыз киік аулау» бабы бойынша да кінәлі деп тапты. Бұдан басқа, олар қорғалымдағы аңдарды атып өлтіргендері үшін мемлекетке 89 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Сот екінші джипте болған Берден Базаровқа, Батырбек Қайырбековке, Жарасхан Мырзабаевқа және Айдос Әкімовке «заңсыз аңшылық жасады» деген айып тағып, олардың әрбірін 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Марқұм қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің ағасы Нұрлан Нұрғалиев пен жәбірленуші Петр Ницык айыпталушыларға ең жоғары жаза беруді сұраған. Бұған қоса, соттан моральдық шығын ретінде – 20 млн теңге, материалдық шығын ретінде 9 млн теңге өндіріп беруді, адвокаттарға кеткен шығынды өтеуді өтінген. Сот бұл өтініштерді жартылай қанағаттандырды.
Сотта қорықшыны тепкінің астына алып, мылтықтың дүбімен ұрғанын мойындаған айыпталушылардың бірі Қайрат Ақшанов өзін қатаң жазаламауды сұрап жылады. Сот үкімі шықпай тұрып, айыпталушылар марқұм Ерлан Нұрғалиев пен жәбірленуші Петр Ницыктың туыстарынан кешірім сұрады.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.