Зайдуллин: Ұлықбек Есдәулет – түркі жазушыларының көшбастаушысы
АСТАНА. 5 мамыр. Татарстан Жазушылар одағының райысы Ркайл Зайдуллиннен Қазақтан Президенті мен Қазақстан жазушыларының құрылтайына қатысушылар атына жазылған хат келді. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Хат Қазан қаласынан 4 мамыр күні жолданған.
Оған қол қоюшы Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркайл Рафаилович Зайдуллин – белгілі ақын, жазушы және драматург. Ол – Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің депутаты, Татарстанның халық ақыны, Ғ.Тоқай атындағы Татарстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М. Жалил атындағы Татарстан комсомолы сыйлығының лауреаты.
Ркайл Зайдуллин өзінің хатында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің басқаруы тұсында қазақ әдебиетінің түркі әлеміне ғана емес, сонымен қатар жер-дүниенің өңге елдерінде де кең көлемде насихатталып келе жатқанына назар аударады.
Қазақ әдебиетінің классиктері мен қазіргі заманғы көптеген қазақ жазушыларының шығармалары басқа тілдерге көптеп аударылып, кітап болып шығып жатыр. Тағы бір ерекше атап өтерлік жағдай, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Азия жазушылары мен ақындарының Халықаралық форумы болып өтті.
«Мен Ұлықбекпен жақсы таныс екендігімді мақтан тұтамын, – дейді Ркайл Рафаилович бұдан әрі. – Ол – үлкен ақын, жаны жайсаң, көңілі дархан, ұйымдастырушылық қабілеті ғаламат азамат, оның басшылығындағы Қазақстан Жазушылар одағы қазір бүкіл түркі әлеміндегі аса беделді, құрметті ұйымға айналды. Түркі елдері Жазушылары одақтарының оны Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы етіп сайлауы да тектен-тек емес».
Татарстан Жазушылар одағының басшысы осы арқылы Ұлықбек Есдәулеттің бүгінде шын мәнінде күллі түркі әлемі қаламгерлері лидерлерінің біріне айналып отырғанын атап өтеді.
Қазаннан дұғай сәлем жолдаған жазушы сөзінің соңында соңғы жылдары Қазақстан және Татарстан Жазушылар одақтарының ежелгі түп тамырлары бір туысқан халықтардың өкілдері ретінде бір-бірімен достық рәуіште қоян-қолтық жұмыс жасасып келе жатқандары жайын сөз етеді. Ол Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметіне қайта сайланатын болса, іргесі бірге қаланған осы қарым-қатынас қарымы ұлғайып, керегесі кеңейе түсетініне сенім білдіреді.
Хаттың қазақ тіліне аударылған толық мәтіні мынадай:
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті әріптестес!
Біз, Татарстан жазушылары, Қазақстан Жазушылар одағы кезекті съезінің жұмысы басталатын шақты шынайы қызығушылықпен күтіп жүрміз. Ұлықбек Есдәулет басқаратын Одақ хатшылығы соңғы жылдары қазақ әдебиетін тек түркі әлеміне ғана емес, сонымен қатар жаһанның өзге елдерінің тілдеріне де кеңінен насихаттап келеді. Қазіргі заманғы қазақ жазушылары мен қазақ әдебиеті классиктерінің кітаптары басқа тілдерде басылып шықты. Ал мұның халықтар арасындағы өзара түсіністікте алатын маңызы өте зор: өйткені, әдеби туындылардан қашанда сол халықтың рухы, ынта-ықыласы, арман-мүддесі көрініс беріп тұрады. Сол сияқты Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен Азия жазушылары мен ақындарының Халықаралық форумы өтуі осы араластықты тереңдете түскенін айта кетуім керек.
Мен Ұлықбекпен жақсы таныс екендігімді мақтан тұтамын. Ол үлкен ақын, жаны жайсаң, көңілі дархан, ұйымдастырушылық қабілеті ғаламат азамат, оның басшылығындағы Қазақстан Жазушылар одағы қазір бүкіл түркі әлеміндегі аса беделді, құрметті ұйымға айналды. Түркі елдері Жазушылары одақтарының оны Түркі елдері Жазушылар одағының төрағасы етіп сайлауы да тектен-тек емес.
Қазақстан Жазушылар одағы мен Татарстан Жазушылар одағы арасында достық рәуішті, жемісті тірлікті қатынас орнатылған. Біз туысқан екі халықтың тамырын ғасырлар қойнауынан тартатын ортақ дәстүрлері мен тарихтарын, бүгінгі күннің шынайы келбетін тереңірек біле түсулері үшін екі жақта да антология шығаруды жоспарластырып отырмыз. Мен егер Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметінде қалатын болса, бұл достықтың бұрынғыдан да нығая түсетініне бек сенімдімін».