Эстонияда полиция Жеңіс күніне орай жиын өткізуге тыйым салды
ТАЛЛИНН. 5 мамыр. Эстония полициясы жұртшылықты 5-9 мамыр аралығында көп адамның қатысуымен жиын өткізуден сақ болу керектігін ескертті. Бұл туралы delfi.ee дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Полиция 5 мамырдан 9 мамырға дейін Харьюмаада, Ляэне-Вирумаада және Ида-Вирумаада жиын ұйымдастыруға болмайтынын жеткізді. Мұндай жиындар агрессор мемлекеттің символикасын қолдану арқылы халықты арандатушылыққа апаруы ықтимал деп санауға толық негіз бар.
Таллинндегі Ида-Харю полиция бөлімшесінің басшысы Рогер Куммның айтуынша, агрессор мемлекеттің символикасын мейлінше көп пайдалану өткен жылғы 9 мамырда орын алған. Полиция сондай 200 оқиғаны тіркеген.
«Қазір соғыс қылмыстарын жасаушы Ресей солдаттары тағынған нышандарға Эстонияда орын жоқ, соңғы жылдары мұндай әрекеттер сот арқылы бірнеше рет ауыздықталды», – деді Кумм.
Эстония полициясы биылғы жылы 9 мамыр мен оның қарсаңындағы күндерде жау символикасы қолданылып қалуы ықтимал жиындардың өткізілуіне тыйым салады, өйткені, ондай басқосулардың құқық бұзушылықтар мен жанжалсыз өтпейтіні белгілі.
«Шерудің қандайда бір түрін өткізуге, жиналып алып, соғысты насихаттайтын сөздер айтуға, нышандармен, сөздермен Путин режимінің Украинадағы соғыс қылмыстарына қолдау көрсетуге тыйым салынады», – деп түсіндірді Кумм.
Тыйым салынған көпшілік жиындарын өткізуді ұйымдастырушылар ақшалай айыппұл төлеуге мәжбүр етіледі немесе бір жылға түрмеде отыру жазасына кесіледі.