Путин бұдан былай Арменияға барса, бірден қамауға алынады
ЕРЕВАН. 24 наурыз. Арменияның Конституциялық соты Рим статутын ратификациялауды қолдады, осыған байланысты Путин енді бұл елге баруға тәуекел ете алмайды. Бұл туралы шетел таблоидтарының мәліметіне құлақ түрген rast.kz хабарлайды.
Ереван жақында РФ диктаторы Владимир Путинді қамауға алу жөнінде ордер жазып берген Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) құзыретін мойындайтынын білдіріп, бұрын өзі қол қойған Рома (Рим) статутын ратификациялауға кірісіп кетті.
«Халықаралық қылмыстық соттың Рома статутында бекітілген міндеттерін Конституцияға сәйкес шешу мәселелері туралы» деп аталатын құжат бүгін Армения Конституциялық сотының ресми сайтында жарияланды. Соттар Рома статутының Армения Конституциясы талаптарына толық сәйкес келетінін мойындады. Шешім өзінің заңды күшіне енді, ол бұдан әрі талқылауға жатпайды.
Атап өтуіміз керек, Халықаралық қылмыстық сот өткен аптада Ресей диктаторы Владимир Путинді тұтқынға алу жөнінде өмір бойғы (мәңгілік) ордер жазып берді. Кремльдің қожайыны мен оның балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілі Мария Львова-Беловаға соғыс барысында украин балаларын ұрлаған соғыс қылмыскерлері ретінде іздеу жарияланды.
ХҚС күдіктілерді сыртынан соттамайды, яғни Путин мен Львова-Белова қолға түсіп, Гаагаға жеткізілгеннен кейін ғана оларды соттау процесі басталады.
Айта кетейік, Путин Арменияға соңғы рет 2022 жылдың қарашасында барып қайтқан-ды.
Мәскеу мен Ереванның арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары Қарабақтағы соғыс фонында күрт нашарлай бастады, бұған РФ-ның өз одақтасына әскери көмек көрсетуден бас тартуы басты себеп болды.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.