ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

АҚШ барлауы: РФ агенттері Молдовада билікке қарсы бүлік ұйымдастыруда

КИШИНЕВ. 11 наурыз. АҚШ барлау қызметі Ресей агенттерінің Молдова елінде билікті тақтан тайдыру мақсатында наразылық қозғалысына қозғау салып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы шетел ақпарат құралдары дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Молдовада жүріп өткен наразылық шерулерінің сыртында Ресей басшылығымен тікелей байланысы бар адамдар тұр, деп баяндады Америка барлауы.

АҚШ барлау қызметіне сілтеме жасаған CNN телеарнасы наразылық шерулерін ұйымдастырған Ресейге бүйрегі бұратын оппозиционердің артында Еуропа одағына қарай бағыт ұстаған қазіргі билікті аударып тастауға әрекет ететін РФ агенттері тұрғандарын ашып жазды.

Америка барлауының ақпарына қарағанда, РФ-да қазіргі таңда Молдова үкіметін әлсіретуге, сөйтіп, елдің билігі басына ресейлік пиғылдағы саясаткерлерді келтіруге бағытталған қауырт жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде орыс тыңшылары Молдовада үкіметке қарсы шерулерді қалай ұйымдастыру керек екенін жергілікті тұрғындар арасындағы бөтен ойлы азаматтарға үйретуге ден қойып отыр. Міне, соңғы күндері молдован байтағында ресейлік пейілдегі «Шор» партиясы жетекшілік еткен шерулер сондай ықпалдың нәтижесінде мүмкін болған.

Тап осы шақта Ақ үй Ресей тарапынан Молдоваға қарсы жасалғалы тұрған соғыс қаупін көріп тұрған жоқ, дегенмен, Вашингтон Кремльдің осы республикаға қатысты барлық қарсы әрекеттерін бақылауда ұстауды жалғастырып келеді. Мәскеудің мұндай ұдайы болып тұратын тіміскі әрекеттері Еуропадағы ахуалға да кері әсер етуі мүмкін деген қауіп бар, делінген материалда.

Еске сала кетейік, биылғы ақпан айында Украина президенті Володимир Зеленьский өз барлау қызметінің деректеріне сүйеніп, Ресейдің Кишиневте мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға дайындалып жатқанын Молдова президенті Майя Сандуге ескерткен болатын. Мәскеудің сондағы жоспары мемлекеттік мекемелерде диверсиялар мен шабуылдар жасауға бағытталатыны айтылған еді.

«Неміс толқыны» (DW) радиосы» бүгін Молдовадағы жағдайдың қайта ушыға бастағанын баяндады. Еуропа комиссары Илва Йоханссон Мәскеудің Кишиневті «демократиялық бағытынан шығаруға» күш салып отырғанын, Путиннің Молдова мен Еуроодақты қиратқысы келетінін мәлімдеді.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button