КИШИНЕУ. 29 қыркүйек. Молдованың парламент сайлауында президент Майя Сандудың партиясы ресейшіл қарсыластарын жеңіп шықты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Молдова Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, биліктегі «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы 50,15 пайыз дауыс жинаған. Патриоттық блок 24 пайыздан сәл астам дауыс алды. Дауыс берушілер 52 пайызға жуықтаған.
Молдованың билеуші еуропашыл «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы (PAS) елде кеше өткен парламенттік сайлауда бюллетеньдердің 99,87 пайызы саналғаннан кейін 50,15 пайыз дауыс жинап, сенімді түрде көш бастады. Молдова Орталық сайлау комиссиясы бұл сандарды 29 қыркүйек, дүйсенбі күні таңертең жариялады.
Оның ең жақын бәсекелесі ресейшіл «Патриоттар блогы» 24,19 пайыз дауыс жинады. «Альтернативті блок» 7,97 пайыз дауыс алды. Бельцы қаласының бұрынғы мэрі Ренато Усатыйдың «Біздің партиясы» – 6,2, ал еуропашыл «Демократия дома» партиясы 2,62 пайыз дауысқа қол жеткізді.
Жоғарыдағы нәтижелер PAS партиясына парламенттегі 101 мандаттың 54-ін алып береді. Осылайша ол парламенттегі басымдылығын сақтап қалды. Бұрын ондағы 61 депутат билеуші партияның мүшелері болған еді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылардың 52,1 пайызы дауыс берген. Сайлауға 14 партия, төрт блок және төрт тәуелсіз кандидат қатысты. 1,6 миллионнан астам адам, оның ішінде 264 мыңы шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс берді.
USD




