Блинкен Нөкістегі оқиғаларды бұрмаламай зерттеу керек екенін айтты
ТАШКЕНТ. 2 наурыз. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ташкентке сапары кезінде былтыр Қарақалпақстанда орын алған оқиғаларды әділ зерттеудің маңызды екеніне назар аударды. Бұл туралы «Азаттық радиосына» сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Мәртебелі мейман 1 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёпен және елдің сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Бахтиёр Саидовпен кездесті.
Ұшырасудан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына берген жауабында Блинкен былтыр шілдеде Қарақалпақстанда болған қанды оқиғадағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты мәліметтерді жіті тексеру керек дегенді айтты.
Еске сала кетейік, өткен жылы 1-2 маусымда Қарақалпақстанның орталығы – Нөкісте жергілікті тұрғындар Өзбекстан Конституциясынан егемендік туралы бапты алып тастау ұсынысына қарсы шыққан болатын.
Ақыр соңында наразылық күшпен басылып, қан төгілуге апарып соқты. Өзбек билігі тектіресте 21 адамның қаза тапқанын, 243 адамның жарақат алғанын хабарлаған. 500-ден астам адам қамауға алынған.
Акциялардан кейін президент Шавкат Мирзиеёв Қарақалпақстан егемендігі туралы баптың өзгертілмейтінін мәлімдеді. Сол кезде ол бұл наразылықтың артында «сыртқы күштер тұр «деген.
Өзбекстанға дейін Блинкен Астанада Орталық Азияның сыртқы істер министрлерімен саммитке қатысты.
Өзбекстан сапарынан соң ол «Үлкен жиырманың» саммитіне қатысу үшін Үндістанға аттанды.