Путин АҚШ-пен ядролық қару жөніндегі соңғы келісімшартты тоқтатты
МӘСКЕУ. 28 ақпан. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-пен ядролық қаруды тізгіндеп ұстау жөнінде жасалған соңғы келісімшарттың күшін жойды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
«Қырғи-қабақ соғыстың аяқталып келе жатқан шағында КСРО мен АҚШ-та жасалған ядролық қаруларға бақылау орнату жүйесі тарихтың қоқсығына кетті»,– деп жазды осыған орай The Moscow News ресурсы.
Алғашқы келісім Леонид Бережнев пен Джимми Картердің КСРО мен АҚШ-ты билеп тұрған кезінде өмірге келді. Содан бері құжат ара-тұра жаңартылып, осы күнге дейін жеткен-ді.
Сейсенбі күні Владимир Путин Ресейдің Стратегиялық шабуылдаушы қарулар туралы келісімшартқа қатысуын тоқтату туралы заңға қол қойды. Бұл Ресей мен АҚШ-тың ядролық ракеталар санын шектеулерін қамтамасыз ететін соңғы келісім еді.
Келісімшарттың соңғысына 2010 жылы Дмитрий Медведев пен Барак Обама қол қойған болатын. Сосын 2016 жылы 2026 жылға дейін ұзартылды.
Қазіргі мезетке дейін келісімшарт Ресей мен АҚШ-қа 1550-ден артық ядролық оқтұмсық және 800-ден аса оларды тасымалдаушыларды ұстауға тыйым салып келген-ді.
Путин 21 ақпан күні Федералды жиналыс алдында жолдау оқыған кезінде келісімшарттан шығатындарын атап өткен болатын. Осы шешімді мемлекеттік дума мен федерация кеңесінің жоспардан тыс өткізген отырыстары бекітіп берді.
Ресей басшысы Федералды жиналыста екі сағатқа созылған сөзі барысында мұндай қадамға неге баратындарын түсіндірумен болды. Ол бүгін қорғаныс министрлігі мен «Росатомға» Стратегиялық шабуылдаушы қарулар туралы келісімшартқа сәйкес 1996 жылдан бері тыйым салынып келген ядролық сынаққа «дайындықты қамтамасыз етуді» тапсырды.
«Әлбетте, біз сынақты бірінші болып жасамаймыз, – деді Путин. – Бірақ егер АҚШ сынақ өткізетін болса, біз де олардан қалмаймыз».