Көш басындағы «Арсенал» қонақта «Эвертоннан» ұтылып қалды
ЛИВЕРПУЛЬ. 4 ақпан. Ағылшын премьер-лигасының 22-турында Лондонның «Арсенал» футбол клубы Ливерпульдің «Эвертонынан» 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Матч Ливерпульдің «Гудисон Парк» стадионында ойналды. Ол Астана уақытымен сағат 18:30-да басталды. Кездесуге бас арбитр Дэвид Кут төрешілік етті.
Бірінші таймда алаң иелері іс жүзінде допты қарсыластарына беріп қойды. Алайда қарсы шабуылға жиі шығып, қонақтар қақпасына әлсін-әлсін қауіп төндіріп тұрды. Осылайша «ирискалар» Аарон Рамсдейл қорғаған дарбазаға сегіз рет тура соққы жасады. Ал сол уақытта «канонирлер» небәрі бес мәрте ғана бәсекелестері голкиперінің мазасын алды.
Ойынның реңкі екінші таймда сол қалпында қалды. Дегенмен, көп ұзамай есеп ашылды. 60-минутта «Эвертонның» орталық қорғаушысы Джеймс Тарковски бұрыштама жақтан Дуайт Макнил жіберген допты баспен ұрып, тордан бір-ақ шығарды. Матчтың қалған мезгілінде Микель Артетаның шәкірттері таразы басын теңестіруге күш салып бағып еді, бірақ таблодағы есеп бәрібір өзгере қоймады. Кездесу осылайша 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Бұл матчқа дейін «Арсенал» чемпионатта бір-ақ рет жеңіліске ұшыраған еді. Атап айтқанда, қыркүйек айында «Манчестер Юнайтедке» 1:2 есебімен есе жіберген болатын.
Осы жеңіліске қарамастан, команда бұрынғысында турнир кестесінде топ бастауын жалғастырып келеді. Ол өзінен кейінгі «Манчестер Ситиден» 5 ұпай алда тұр.