Украина әскерлері үш күнде Ресейдің мақтаулы «Торының» екеуін жойды
КИЕВ. 4 ақпан. Украина Қарулы күштері үш күн ішінде Ресей армиясының ең таңдаулы «Тор-М2ДТ» зенит-ракета кешенінің екеуін жойып жіберді. Бұл туралы «Диалог.ua» хабарлады.
«Украин жауынгерлері Херсон облысында Ресейдің екінші «Тор-М2ДТ» зенит-ракета кешенін металл сынығына айналдырып жіберді», – делінген хабарламада.
РФ-ның қанатты ракеталарға, БПЛА-ға, ұшақтар мен тікұшақтарға қарсы ату үшін арнайы жасап шығарған қаруы өзінің тікелей міндетін орындай алмады. Бұл соғыс машинасын Херсон облысында өзі көздейтін реактивті «M982 Excalibur» снаряды тас-талқан етті.
«Украина 365» telegram-каналы украин әскерлері жаудың зенит-ракета кешенін артиллериямен соққылап жатқан сәті бейнеленген видеоны жариялады. Онда дұшпанның «Торы» ашық кеңістікте келе жатқанда 41 секунд ішінде атып түсірілгені көрсетілген.
Желіде Ресейдің қару арсеналында 12 «Тор-М2ДТ» зенит-ракета кешені болғаны, қазір олардың 10-ы ғана қалғаны айтылып жатыр.
Еске сала кетейік, Украина Қарулы күштері бірінші рет «Торды» 1 ақпан күні Херсон облысының Челбурда селосы маңында атып түсірген еді.