Путин Сталинградта неміс танкісіне тойтарыс берілетінін айтты
ВОЛГОГРАД. 3 ақпан. РФ президенті Владимир Путин «немістің Leopard-ы бізге тағы қатер төндіргелі тұр, бірақ біз бұған лайықты тойтарыс береміз» деп мәлімдеді. Бұл туралы «Диалог.ua» хабарлады.
«Владимир Путин РФ-ға немістің Leopard-ы тағы да қатер төндіретінін айтты, бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстың ұрыс даласында мұндай танкілер болған жоқ еді», – деп атап көрсетті басылым.
2 ақпанда жергілікті билік басшылары диктаторға жағыну үшін ғана атын бір күнге Сталинград етіп өзгерткен Волгоградқа келген Владимир Путин РФ үшін Батыс пен Украинадан төнгелі тұрған кезекті қатер жайында әңгімеледі. Қалың күзетшілері мен өкпектей соққан желдің өтінде Мамай қорғанына гүл шоғын қойғаннан кейін ол әдеттегі салтанатты сөзін сөйледі. Тыңдап тұрғандардың енжар кейіптеріне қарағанда, тіпті Ресейдің алыстағы провинциясында тұратындардың өзі қазір узурпатордың шынайы тірлікпен мүлде байланысы жоқ сүреңсіз судырақ сөздерінен жалыға бастаған сияқты.
Алайда РФ президенті өз елдеріне Батыс тарапынан қауіп-қатердің күшейіп келе жатқанын айтып, тағын қадалып тұрып алды.
«Біз тағы да ұжымды Батыстың агрессиясына тойтарыс беруге мәжбүрміз. Адам сенгісіз нәрсе, дегенмен, бұл факт: бізге немістің бортында крест таңбасы бар Leopard танкілері қатер төндіруде және тағы да Гитлер ізбасарларының қолдарымен, банд**шілер қолдарымен Украина жерінде Ресеймен соғыспақшы болып жатыр», – деп мәлімдеді ол.
Тек Путиннің әлі жүдә Украинаға келіп те үлгермеген танктердің корпустарындағы крестер туралы ақпарды қайдан алғаны, оның өз техникаларына қондырылған Z, O, V таңбалары жөнінде нендей түсіндірме беретіні ғана жұмбақ болып қалып тұр.
Ресей лидері сондай-ақ пропагандистер ара-тұра радиоактивті күлге айналдырып жіберуді ұсынып жүрген АҚШ пен Еуропада РФ-ның достары көп екенін баяндады.
«Біз өз танктерімізді олардың шекараларына қарай апарып қоймаймыз, бірақ жауап қайтаратын қуатымыз бар, бронетехникаларды қолдану арқылы істің бәрін өзіміз бітіреміз. Мұны олардың бәрі түсінулер керек», – деп айбат шегіп, азу тісін ақситып қойды Путин достарына.
Еске сала кетейік, Германия 25 қаңтарда Украинаға Leopard 2A6 маркалы танктің 14 бірлігін беруге уәде еткен болатын.
Ал бүгін Бундесвер бұдан кейін де осындай көлемде танктер беріліп қалуы мүмкін екенін ескертіп өтті.