Таиландта ресейлік әйел британдықтың саусағы ұшын қыршып алды
БАНГКОК. 2 ақпан. Тай елінің Пхаган аралында Ресейден келіп тынығып жүрген әйел британдық келіншектің саусағының ұшын қыршып, жұлып түсірді. Бұл туралы snob.ru хабарлады.
Оқыс оқиға жағажай клубындағы бар ішінде орын алған. Ресейлік жұп әткеншек-қап үстінде отырғанда, ішке Ұлыбритания мен Германиядан келген бір топ турист әйелдер кіреді. Олар жетектегі иттерін алып, бос орындарға жайғасады. Бірақ бұл жағдай ресейлік әйелге ұнамайды. Сөйтіп, орыс келіншек жоқ жерден ұрыс шығарады. Жанжал барысында ол британдық келіншек пен итке тап береді.
Зардап шегушінің айтуынша, өзі алдымен орыс әйелді басынан ұрған көрінеді. Бұған жауап ретінде анау бірден мұның қолына жабысып, бір саусағының бас жағын қыршып, жұлып алады.
«Сол бойда қан деген атқылады. Бұл бір қорқынышты фильмдердегі кадрлар сияқты болып кетті», – деді оқиғаға куә болғандардың бірі.
Британдық әйел саусағының ұшы құмда жатқан жерінен табылды. Полиция ресейлік жұпты сол бойда қамауға алды. Бұл екеуге тек отельге барып, құжаттарын алып келуге ғана рұқсат берілді. Бірақ олар сол жақтан жасырынып шығып, Малайзияға қашып кетпекші болған екен.
Полиция бұзақы қашқындарды тап бастырмай ұстады. Ал саусағының ұшынан айырылған британдық әйел Самуи аралындағы ауруханаға жеткізілді. Кейінірек ол реплантациялық ота жасалу үшін шұғыл Ұлыбританияға аттандырылды.