АҚШ «Вагнер» компаниясын халықаралық қылмысты ұйым деп таныды
ВАШИНГТОН. 23 қаңтар. АҚШ билігі Ресейдегі «Вагнер» жеке әскери компаниясын халықаралық дәрежедегі қылмыстық ұйым деп жариялады. Бұл туралы CNN хабарлады.
«АҚШ Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясына трансұлттық қылмысты ұйым статусын береді. Бұл алдағы аптада жүзеге асырылады», – деді АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби CNN телеарнасының эфирінде.
Осыдан кейін Американың Қаржы министрлігі аталмыш топқа қарсы жаңа санкциялар енгізетін болады. Ондағы шектеулер шеңберіне «вагнершілерді» бірнеше континентте «ұстау жүйесі» де енгізіледі. «Бұл әрекеттер қазір трансқұрлықтық қауіп төндіріп отырған «Вагнер» ЖӘК-тің қылмыстық әрекеттерінің жалғасып келе жатқанына байланысты жасалып отыр», – деді Кирби өзінің сөзінде.
Трансұлттық қылмысты ұйым мәртебесі мұндай топтардың АҚШ-тағы барлық активтерін қатырып тастауды қарастырады. Сондай-ақ америкалықтарға оларға құрал-сайман, тауарлар және қызмет көрсетуге тыйым салады.
«Біз осы ЖӘК-ке қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастырушы компанияларға мынадай месседж арнағымыз келеді: «Вагнер» – кең ауқымды айуандық көрсетуді жүзеге асырып отырған, адам құқықтарын бұзушы қылмыстық ұйым, біз оған көмектесушілерді әшкере ете береміз», – деп атап өтті Ақ үйдің өкілі.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті «Вагнер» ЖӘК-нің күллі әлемде жұмыс істеуінің аяқталуына қол жеткізетіндерін мәлімдеген болатын. Вашингтон сонымен қатар, бұл ұйымның «егемен елдердің ішкі саясатына қол сұғушылыққа барып жатқанына алаңдаушылық» танытты.
Осыған байланысты АҚШ Ресейдің өзінің жалдамалы армиясының Еуропа мен Африкаға ықпалын жүргізуге әрекет етіп отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Вашингтон оның іс-әрекеттері жөнінде Орталық Африка республикасынан, Мали мен Сербиядан мәліметтер жинастыра бастады.
АҚШ 21 желтоқсанда Украинадағы соғыста белсенділік танытуына байланысты «Вагнерге» санкция салды.