АҚШ барлауы: Путиннің Украинаға басып кірген сарбаздары құрып бітті
ВАШИНГТОН. 23 қаңтар. АҚШ барлау қызметі 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей армиясы құрамынан бүгінде ешкімнің сапта қалмағанын мәлімдеді. Бұл туралы CNN хабарлады.
«Ресейдің Украинадағы соғыстағы шығынының саны 188 000 адамға жетті», – деп жазды британдық The Sun таблоид АҚШ барлау қызметіне сілтеме жасай отырып. Басылымның мәліметі бойынша, АҚШ соғыста өлтірілген және жарақат алып саптан шығып қалған РФ жауынгерлерінің мұндай дерегін Оңтүстік Германиядағы Рамштайн авиабазасында 20 қаңтарда өткен НАТО саммитінде одақтастарына жеткізген.
АҚШ штабтар басшыларының бірікккен комитетінің бастығы, генерал Марк Милли Ресей армиясының «орасан зор құрбандық» тартқанын растады. Ол нақты цифр атап көрсеткен жоқ, бірақ қазірдің өзінде шығынның «100 мың адам деңгейінен әлдеқайда көп екенін» атап өтті.
Ресей соғыстың алдында Украина шекарасына шамамен 150 000 әскериді шоғырландырды, деп баяндады АҚШ Қорғаныс министрлігі. Оның мәліметі бойынша, кейінірек бұлардың бір бөлігін Украинаға жеткізді. АЛ АҚШ-тың ОБСЕ жанындағы тұрақты өкілі Майкл Карпентер соғыс ашар алдында Ресейдің Украина шекарасына 169-дан 190 мыңға дейінгі әскери қызметкерді апарып қойғанын айтты. Осылайша, Ресей 24 ақпанның алдында жинап алған әскерінен соғыстың 11 айында өлідей және жарақат алған қалпында түгелдей айрылып қалған.
Қыркүйекте президент Владимир Путин Ресейде мобилизация жариялады. Украинадағы соғысқа тағы 300 мың әскери қызметкер шақырылды. Қазаннның аяғында қорғаныс министрлігі президентке 300 мың әскери қызметкерді шақыру жөніндегі тапсырманың орындалғанын мәлім етті. Желтоқсанда Путин шақырылғандардың жартысы соғыс аймағында екенін, олардың 77 мыңы тікелей ұрыс қимылдарына қатысып жатқандарын айтты.
Америка барлауының мәліметіне сәйкес, Ресей шақырылған 300 мың адамның тек 250 мыңын ғана жинай алған болып шықты.