Зеленьский: Соледар толық талқандалды, онда тірі жан қалған жоқ
КИЕВ. 10 қаңтар. Украина президенті Володимир Зеленьский кеше кешкі видеоүндеуінде толық қирауға ұшыраған Соледарда тірі ештеңе қалмағынын айтты. Бұл туралы «Новая газета. Европа» хабарлады.
Мемлекет басшысы Ресей әскерлерінің Донецк облысындағы Соледар қаласы түбінде жасаған әрекеттерін барып тұрған «ессіздік» деп атады.
«Онда Ресей нені ұтқысы келді? Бәрі толық қиратылған, онда тіпті тіршіліктің өзі де қалмаған. Мұнда мыңдаған адам опат болған, Соледардың түбіндегі жердің бәрінде оккупанттардың мәйіттері төсек болып жатыр. Бұл ессіздіктің осындай кескіні бар», – деп мәлімдеді Зеленьский.
Украин президенті өз сөзінде Ресей әскерлерінің «қайталанып жатқан толассыз ақкөз, қатыгез шабуылдарына» төтеп беріп тұрған әскерилерге алғыс айтты. «Бұл өте ауыр нәрсе: онда сау бірде-бір қабырға қалмаған, бәрі қиратылған. Біз өз жауынгерлеріміздің Солидардағы табандылығы арқасында Украина үшін керекті қосымша күш пен қосымша уақытты таптық», – деді ол.
Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) өзінің күнделікті мәліметінде атап көрсеткендей, «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрылтайшысы Евгений Пригожин өз ұйымының репутациясын күшейте түсу үшін Соледар мен Бахмуттағы жағдайларға қатысты жалған ақпарларды таратуды қоятын емес. Бірақ оның сапындағы «зектерге» кешірім берілгені жайлы деректер компанияға кіргісі келетіндер қатарын көбейтіп жатқан сияқты.
Қазіргі таңда Соледарда да, Бахмутта да қиян-кескі шайқастар жүріп жатыр. Ресей армиясы екі қаланың да шетіне кірді. Бірақ олардың оққа ұшып жатқандарында есеп жоқ. Орыстардың қимылы әйгілі Георгий Жуковтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі солдаттарды қатты қырғынға ұшырата отырып, кезекті позицияны басып алуға негізделген тактикасын ұстанып отырғаны айқын аңғарылады.