АҚШ көктемгі шабуылдары үшін Украинаға Stryker машиналарын береді
ВАШИНГТОН. 10 қаңтар. АҚШ көктемгі шабуылдарды сәтті өткізуі үшін Украинаға Stryker соғыс машиналарын беруге шешім қабылдады. Бұл туралы Politico хабарлады.
Мәнбелердің дерегінше, АҚШ президенті Джо Байден аптаның соңында Киевке Stryker берілгелі тұрғанын жария етуге тиіс. Ол Германияда өтетін Украина қорғанысы жөніндегі контактылы топтың отырысы барысында айтылады. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған сияқты.
Құрама Штаттар Ресей көктемде кең ауқымды шабуылға көшу үшін мобилизациясының екінші толқынын өткізгелі жатқаны жайлы хабар тарағаннан кейін бірден осындай ұйғарым жасауды ойластыра бастапты. Бұл соғыс машиналары Украина Қарулы күштерінің бронды техника жөніндегі сұранысын қамтамасыз етіп, жауынгерлік қабілетін арттыруға тиіс.
General Dynamics Land System компаниясы шығарған сегіз дөңгелекті Stryker бронды соғыс машинасы қарда да, батпақта да, құмда да аттай ойнап, шауып жүре береді. «Танктермен шайқаста дәл Bradley сияқты мықты емес, бірақ жаяу әскерлерді қорғау мен жақыннан салған ұрыстарда таптырмайды», – деді АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі ол туралы.
Әскерилердің айтуларынша, Bradley-ге қарағанда, Stryker ың-шыңсыз, тыныш жүреді, оның келіп қалғаны байқалмайды, тоғыз солдатты тасымалдап алып жүреді. Осылайша, аталмыш соғыс машинасы танк пен бронетранспортердің аралығындағы құрал болғалы тұр.
Мұның алдында Вашингтон Киевке Bradley соғыс машинасын беруге уәде еткен еді. Сол сияқты Германия БМП Marder, Франция БМП AMX-10 RC беретін болып шешті.