Ресей армиясы Соледарды басып алу үшін барлық күшін төгіп жатыр
КИЕВ. 13 қаңтар. Ресей қорғаныс министрлігі Донецк облысындағы Соледар қалашығын басып алуға сондағы күшінің барлығын дерлік іске қосты. Бұл туралы «Донпресс» хабарлады.
Бұған дейін «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрылтайшысы Евгений Пригожиннің аталмыш елді мекенді басып алғандары жайындағы сүйінші ақпарының шындыққа жанаспайтынын Украина Қарулы күштері, Британия барлау қызметі де баяндаған болатын.
Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың баяндауынша, Соледар үшін өткен түні бойы толассыз ұрыс қимылдары жүрген. Дұшпан шабуылдың күшін күшейте түсу үшін өзінің Донецк бағытындағы барлық дерлік қолда бар әскерлерін осылай қарай салған. «Бірақ соған қарамастан, біздің қорғаушыларымыз күші басым жаудың нөпіріне төтеп беріп жатыр», – деді Маляр.
«Жағдай күрделі, тіпті өте ауыр. Бахмут пен Соледарда қазір XXI ғасырдағы «Верден шайқасы» жүріп жатыр», – деді Украина президенті офисінің басшысы Ондрий Ермак.
Ермак бұған қоса, Ресейдің қазір түрмеден шығарып, соғысқа салған қылмыскерлерінің Украинадағы майданда топырлап қарап болып жатқанына назар аударды.
«Осы мезеттерде Донецк облысының Соледар елді мекенінде кескілескен ұрыстар жүруде, қаланы Ресей әскерлері басып алған жоқ», – деді Украина Қарулы күштерінің аэробарлау жеке тактикалық тобының «Мадьяр» деген шақыруы бар командирі.
Украина Қарулы күштері бас штабының хабарлауынша, тәулікте оккупанттар Соледарға 91 мәрте соққы берген. Ал украин әскерлері жаудың 100-ден астам солдатын жойып жіберген. Сөткеде жалпы екі жақтың жасақтары 42 рет бетпе-бет шайқасқа түскен.
Сонымен бірге, Соледарда украин шекарашыларының «вагнершілер» тобын ұнтаққа айналдырып жібергені айтылуда.
«Вагнершілер» қаладағы құрылыстар алаңына қарай шағын топтар болып жылжыды. Бір кезде жау жаяу әскерлері бір аулаға жиналып қалды. Оны байқаған украин шекарашылары 82-мм калибрлі минометтен оқ жаудырды. Нәтижесінде сол жерде тұрғандардың бәрі жертөсек болып қалды. Содан кейін жау бөлімшесі шұғыл кері шегінді», – делінген хабарламада.