Финляндия Ресейден шыққандарды мемлекеттік қызметтен қуып жатыр
ХЕЛЬСИНКИ. 29 желтоқсан. Финляндия билігі ресейлік азаматтарды мемлекеттік қызмет түрлерінен шығаруды бастап кетті. Бұл туралы YLE хабарлады.
«Финнің әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік агенттігі (Kela) РФ-ның азаматтығы бар бірнеше адамды жұмыстан қуды», – делінген хабарламада.
Осылай жұмыстан қуылғандардың бірі жұмыс берушінің өзінде Ресей мен Финляндияның азаматтықтары бар екенін білгенін, қызметке алар кезінде бұған бас қатыра қоймағанын айтты. Алайда ол қарашаның соңында сынақ мерзімінің бітпегеніне қарамастан, келісімді бұзуға шешім қабылдаған. Мұны жұмыс беруші Финляндия қауіпсіздік полициясының (Supo) тексеруінің нәтижесі екенін айтып түсіндірген.
Бағдарламашының айтуынша, күштік құрылымның есебінде оның өзі мен ата-анасының екінші – Ресей азаматтығы бар екені атап көрсетіліпті. Бірақ бұл жағдай оларға бұрыннан белгілі болған. Ал қыздың осында оқып, жұмыс істей бастағанына 18 жыл болған екен. Мұнда оның отбасысы – ата-анасы мен өзі тұрады, Ресейде ешқандай жеке меншігі жоқ. Соған қарамастан, жұмыстан шығарылған.
Тағы бір ресейлік фрилансер азамат YLE тілшісіне Финляндияда алты жылдан бері тұрып жатқанына қарамастан, Kela компаниясының субмердігері – Digia компаниясымен келісімшарт жасаса алағанын айтқан. Жасы қазір қырықта. Мәскеуде туғанымен, онда соңғы рет он бес жасында болыпты. «Менде тіпті Ресей паспорты да жоқ, тек туған кезімде алған КСРО азаматтығы ғана бар», – дейді ол.
Әлбетте, мұның бәрінің астарында Ресейде туған азаматтарға, орыстарға сенбеушіліктің салқыны бар.