Данилов: Ресей жеріне басып кіру үшін ешкімнен рұқсат сұрамаймыз
КИЕВ. 30 желтоқсан. Украина армиясы қажет болған жағдайда ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ Ресей территориясына кез келген уақытта басып кіре алады. Бұл туралы The Moscow Mews хабарлады.
Украина Қауіпсіздік кеңесі мен ұлттық қорғанысының хатшысы Олексий Данилов Kyiv Post сайтына берген сұхбатында осылай деді.
«Егер елімізді қорғау үшін сонда болуымыз қажет болатын болса, біз онда да барамыз», – деді ол өзіне қойылған сұраққа жауап бере келіп. Данилов сондай-ақ мұндай кезде Украина ешкімнің ақыл-кеңесін тыңдап жатпайтынын атап өтті. «Ешкімнен рұқсат сұрамаймыз. Әлдекімнің шамына тимеу керек дейтін сөздердің бәрі – бос әңгіме, сандырақ. Біз өз мүддемізді бәрінен жоғары қоямыз», – деді ол.
Данилов Ресей үшін «заманақырдың» болатынын да ашып айтты. «Бүгінгінің бәрі уақытша нәрсе. Бұл ақырзаманды олар өздері жасап алады, бұл – олардың өз шешімдері. Осы кездері өз елдерін өздері жойып жатыр. Біртіндеп. Күн санап. Күннен күнге қайырылмайтын құрдымға құлап кетіп барады. Ресей енді өзінің дәл қазіргі қалпы мен шегінде мүлде қала алмайды, ол Украинамен соғысуға шешім қабылдаған кездегі тұрқындағыдай болып ешуақытта өмір сүре алмайды», – деп атап көрсетті ол.
26 желтоқсанда Украина Қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов Украина Қарулы күштерінің 2023 жылдың жазында Қырымды өзіне қайтарып алатынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, түбек «құрастырмалы тәсілмен, яғни соғыспен және дипломатия жолымен қайтарылады». «Бірақ күш қолданбаса, ештеңе шықпайды. Біздің бөлімшелеріміз онда қолдарына қару ұстап кіретін болады», – деді ол.
Қазір екі елдің әскерлері Бахмут пен Авдеевка түбінде, сондай-ақ Кременна маңында қиян-кескі ұрыс қимылдарын жасап жатыр. Мұндай Ресей тарапының жоғалтып жатқан адам және техника шығындары әлдеқайда көп. Тұтқынға әдейі барып түсіп жатқан орыс солдаттары да аз емес. Әзірге әйгілі Георгий Жуковтың солдаттарды жертөсек етіп, алапат қырғынға ұшырата отырып, жаудың бетін адам санымен қайтару тәсілін қолданып жүрген Кремль жеңіліс пен шегіністен көз ашпай келеді.
Украинаның бас қолбасшысы Валерий Залужный қазіргі таңдағы тепе-тең текетіресті өз армиясында қару-жарақтың кемшін болып жатқанымен байланыстырып отыр. Ол жақын күндерде одақтастардан жаңа қару-жарақ легінің келетінін, содан кейін тағы тың шабуыл басталатынын баяндады.
Ал Украина президенті Володимир Зеленьский бұдан бұрын алдағы 2023 жылдың соғыстағы бетбұрысты кезең болатынын, Украина армиясы жаздың ортасына дейін Ресей оккупанттарын біржақты ететінін мәлімдеген болатын.