Мундиальда Марокко Африкаға бірінші медальды әпере ала ма?
ДОХА. 17 желтоқсан. Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында бүгін Марокко – Хорватия үшінші орын үшін таласқа түскелі тұр, Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Айтатыны жоқ, қола медаль үшін өтетін матч өте қызықты да тартысты болғалы тұрған сияқты. Оның нақты қалай аяқталатынын, ең бастысы, медальдың кімнің уысында кететінін қазір алдын ала болжау өте-мөте қиын. Мұнда матч тағдырын кез келген шабуыл, сәттілік не қателік шешіп кетуі мүмкін. Осының алдындағы 2018 жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері – Хорватия құрамасы жартылай финалға дейінгі соңғы екі белесінен ойыннан кейінгі пенальтилер сериялары арқылы өтті. Ол 1/8 финалда Жапония командасымен (0:0), 1/4 финалда Бразилия жасағымен (1:1) тең түсті. Ал Африка құрлығынан жартылай финалда өнер көрсету құрметіне ең алғашқы болып қол жеткізіп отырған марокколықтар алдымен Испаниямен негізгі уақытты 0:0 есебімен тең аяқтап, пенальтиде (3:0) басым түссе, соңынан нағыз сенсация жасап, Португалияны 1:0 етіп ұтып кетті.
Спорт мамандары Хорватия құрамасының ойыны 2018 жылғы чемпионатқа қарағанда, төмендеу екенін айтып отыр. Марокко болса, ол чемпионатқа қатыса алған жоқ. Бірақ кейінгі жылдары команданың едәуір қарқынды ойнап жүргені анық байқалады.
Дегенмен, Tennisi.bet букмекерлік компаниясының сарапшылары бұл кездесуде хорваттар фаворит болады деп есептейді.
Тағы бір ескере кететін нәрсе, жартылай финалдық ойындарда Аргентинадан 0:3 есебімен оңай жеңіліп қалған Хорватияға қарағанда, Францияға 0:2 есебімен есе жіберген Марокконың ойыны әлдеқандай жігерлі шықты. Сол сияқты Бразилиямен кездесудің (негізгі уақыт – 0:0) овер-таймы соңында ғана таразы басын теңестіре алған хорваттардан гөрі, негізгі матчтың өзінде Португалияның гол салуына жол бермеген марокколықтар әжептәуір әлеуетті көрінген еді. Бұдан бөлек, африкалық футболшылардың тағы бір көзірі қызу қанды жанкүйерлер армиясы болмақ. Олар өз командаларына зор қолдау көрсете алатындарын бұған дейін әбден дәлелдеді. Соған сүйенген марокколықтар арқаланып, жақсы ойнауы мүмкін. Бұған қоса, жергілікті және сол маңайдағы бірнеше араб елдерінің фанаттары да араб тілді марокколық жігіттерге жақтасатын шығар.
Сонымен, матч Астана уақытымен 21:00 сағатта басталады. Ол QazSport теларнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Суретте: Марокко құрамасының ойыншылары
Командалардың матчқа шығатын сөрелік құрамдарының шамалары мынадай:
Хорватия: Ливакович, Гвардиол, Соса, Ловрен, Юранович, Ковачич, Брозович, Модрич, Перишич, Крамарич, Пашалич.
Марокко: Буну, Хакими, Дари, Әл-Ямик, Аттийят-аллах, Амалла, Зиеш, Унаи, Амрабат, Буфаль, Ән-Несири.
Ал Аргентина – Франция арасында өтетін финалдық матч ертең 21:00 сағатта басталады.