ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Мәскеу Киевке белорус жерінен кезекті мәрте блицкриг жасамақшы

МӘСКЕУ. 6 желтоқсан. РФ армиясы Киевке кезекті мәрте блицкриг жасау үшін белорус жеріне қосымша күштерді шоғырландыра бастады. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

«Ресей командованиесі Украина территориясы мен оның шекарасы бойларына теріскей бүйірінен соққы беру үшін Беларуське жеткілікті мөлшерде күш жинау әрекетіне кірісіп кетті», – деді қазір Гроднода тұрып жатқан ресейлік әскери қызметкер «Новая газета.Европа» басылымына берген сұхбатында. Оның айтуынша, желтоқсанның ортасында мобилизацияға ілігетіндер осында жіберіледі, олардың жалпы саны шабуыл басталғанға дейін 300 мыңға жетуі тиіс.

Басылымға сұхбат беруші сонымен бірге Беларусь жағынан шабуыл жасау РФ армиясын таза тақырға отырғызатынын айтады. Оның ойынша, қазір Украина шекарасынан ары қарай біраз аумаққа мина төселіп тасталған, жолдар бүлінген, ландшафтта ормандар мен батпақты жерлер өте көп, ал барлық бағыттардағы жолдар украин артиллериясының жіті бақылауында тұр. Бұл жағдайда ресейліктерге ұрыс қимылдарын табысты жүргізу өте-мөте қиынға түседі.

«Онда мыңдаған адамды бірден оққа ұшырып аламыз. Шекараның бойында мықты бекіністер тұр, ені үш метр келетін танк өткізбейтін орлар қазылып тасталған. Барлық бағыттар украин артиллериясының қырағы назарында, атуға қолайлы қашықтықта. Киев тұрмақ, Ковельге дейін де бара алмаймыз. Мұны кезекті блицкриг деп, Путинге тықпалап отырған адамдар бар», – деп есептейді ресейлік офицер.

Жалпы, Мәскеудің Беларуське жеткілікті күш жинап қою, сосын іле-шала Луцк мен Львовты басып алу және Украинаның батыс шекараларына шабуыл жасау жөнінде жоспары бар екені жаздан бері айтылып келеді. Басылым атап өткендей, бұл қауесеттің соңы Киевке жасалатын соққыға барып тіреліп жатады.

Рас, Американың соғысты зерттеу институтының мәліметінше, Беларусь билігі әрдайым бұл қауесетті жоққа шығарып жүр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button