Ресей оккупанттары Бахмуттың оң жағына қарай жылжыды
КИЕВ. 29 қараша. РФ басқыншы армиясы кеше Донецк облысындағы Бахмут қаласының оңтүстік қапталына қарай біршама жылжыды, бірақ оны қоршауға ала алмайды. Бұл туралы УНИАН хабарлады.
«Ресей оккупанттары Донецк облысындағы Бахмуттың оңтүстік бетіне қарай жылжыды. Алайда олардың табысқа жеткендері жайлы мәлімдемелері шындыққа жанаспайды, өйткені, қаланы бәрібір қоршауға ала алмайды», – деп баяндады Соғысты зерттеу институтының (ISW) талдаушылары.
Институт сарапшыларының айтуларынша, жоғарыдан түсірілген геолокациялық суреттер рашистердің Бахмуттың оңтүстік-батысында шамамен 15 шақырым жерде орналасқан Озаряновка селосын басып алған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бірақ Ресей БАҚ-тарында жазылып жатқандай, орктардың қаламен қоса оның айналасындағы бірнеше елді мекенге кіргендері жөніндегі ақпарлары жалған.
Осылайша РФ-да, мысалы, оккупанттардың Курдюмовка, Клиешиевка, Андреевка, Зеленеполье, Подгорное және Спорное селоларын қаратты-мыс деген хабарлары ақиқаттың ауылынан алыс. Сол сияқты Бахмутты енді «қоршаудың жайы шешілуде» деген сыңайдағы мәліметтері де бос сөз.
Мұның есесіне, орктар күн санап жүздеген солдатынан айырылып жатыр. Айталық, украин сарбаздары 26 қараша күні 600 басқыншыны жер жастандырса, 27 қарашада 200 рашисті жаһаннамға аттандырды, ал кеше 100-ден аса жаудың көзін жойып жіберді. Сонымен, үш күнде мыңға жуық солдатынан айырылған РФ армиясы 24 ақпаннан бері 85 мың жауынгерін «Кобзонның концертін тамашалауға» жіберіп қойды.
Кеше, 28 қараша күні кешке Шығыс әскерлері тобының өкілі Сергий Череватый қазір Украинадағы ұрыс қимылдарының эпицентрі Бахмут болып тұрғанын айтты. Басты соғыс осы қала төңірегінде жүріп жатыр. Жау күніне осылай қарай күніне артиллериядан 180-200 соққы беруде.
Рашистер тұтастай алғанда Донбасс аумағында ондаған рет шабуыл жасап көрді. Бірақ көп табысқа жете қоймады. Мұндағы ахуал барынша күрделі. Әзірге Украина Қарулы күштері дұшпан соққыларына жауап беріп қана тұр. Бас штаб өткен түнде украинның десант-штурм әскерлері егерьлері оккупанттардың үлкен тобын жойып жіберіп, Бахмутта өз жауынгерлік позицияларына орналасқанын баяндады.
.