Украина Қарулы күштері РФ армиясын Авдеевка түбінен қуып шықты
КИЕВ. 2 тамыз. Украина Қорғаныс күштері Донецк облысындағы Авдеевка бағытында орыстардың оккупациялық әскерлерін өз позицияларын тастап кетуге мәжбүр етті. Бұл туралы «Диалог.UA» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлады.
Украин әскерилері Авдеевканың оңтүстік қапталында Ресей армиясынан позицияны тартып алды. Жауға шегінуге тура келді.
«Мұны УҚК бас штабының спикері Павел Ковальчук 2 тамызда өткен украин тедемарофоны кезінде ресми түрде растады», – деп жазды украин сайты.
Мәліметке сай, Украин Қорғаныс күштері Бахмуттың оңтүстік қапталында қауырт шабуыл бастаған, нәтижесінде табысқа да жеткен: ресейліктер артқа қуып тасталған.
«Қорғаныс күштерінің шабуылға бастаған ұрыс қимылдарын жүргізуі барысында жау Авдеевканың оңтүстігіндегі ауданнан кетуге мәжбүр болды», – деді Украина Қарулы күштерінің офицері.
Атап өтуіміз керек, Авдеевка – Украина Қарулы күштерінің 2014 жылдан кейін қалыптастырған өте мықты қорғаныс ауданы. Ресей әскерлері 2022 жылғы ақпанда украин жеріне кең ауқымды шабуылды бастап кеткелі бері майданның бұл шебін бұзып-жарып өте алған жоқ.
Ресейлік басқыншылар бір жарым жылдық үлкен соғыс уақытында қаланы қауырт шабуылмен басып алуға да, оны жағалай қоршауға да бірнеше рет әрекет жасады. Бірақ орасан зор шығынға ұшырағандарымен РФ қарулы күштері бұл жерлерді ала алған жоқ, Авдеевка әлі сол қалпында мызғымай тұр.