Путинмен кездескен «солдаттар аналары» шенеуніктер болып шықты
МӘСКЕУ. 25 қараша. Бүгін РФ президенті Владимир Путинмен кездескен «Солдаттар аналарының» құрамы әскери шенеунік әйелдерден құралғаны белгілі болып қалды. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.
«Президент Владимир Путинмен кездесуге келген «Ресей солдаттарының аналары» шенеуніктер, депутаттар, «Жалпыресейлік халық майданының» функционерлері және биліктің басқа да тармағының өкілдері екендері паш етілді», – делінген хабарламада. Олардың көбі Мәскеуде тұрады және жұмыс істейді, деп жазды «Можем объяснить» телеграм-каналы.
Әйелдермен кездесер алдында Путин қысқаша сөз сөйлеп, қазіргі күндері интернетте соғыстағы ахуал жайында «фейктер» көп екенін ауызға алды, сондықтан ол әскерилер аналарымен осы кездесуді өткізіп, «бірінші ауыздан» проблемалар жөнінде айтып бермек болыпты-мыс. Соның арасында мемлекет басшысы Украинада соғысып жүрген солдаттарға жеке өзінің әрдайым қоңырау шалып тұратынын айтып, соғып қалды.
Президент сондай-ақ залда соғыста ұлдарынан айырылған аналардың отырғандарын айтып, тағы бір өтірікке бас қойды. «Ресейде жыл сайын жүздеген мың адам жол апатынан қаза табады. Тағы соншама адам алкогольден өледі. Табиғат апатынан да аз адам бақилық болмайды. Біздің бәріміз Құдайдың құзырындамыз. Ерте ме, кеш пе, бәріміз де кетеміз», – деп «жұбатты» ол телевизор алдында отырған миллиондаған ресейлік аналарды.
Бұдан кейін әйелдерге сөз берілді. Сонымен трансляция аяқталды. Ал сөйлегендер қатарында «Единая Россия» партиясында есепте тұратын мәскеулік шенеунік, «Юность» бос уақыт және спорт орталығы директорының орынбасары Ольга Бельцева, Мәскеу түбіндегі ОНФ атқару комитетінің жетекшісі, Мәскеу көп пәтерлі үйлері ассоциациясының басшысы Юлия Белехова, Тывадағы Каа-Хем аудандық әкімдігінің бөлім бастығы Ирина Тас-оол, мәскеулік режиссер Олеся Шигина, Орехово-Зуево қоғамдық палатасының мүшесі Марина Мигунова, «Боевое братство» қоғамының жетекшісі Надежда Узунова және тағы басқалар болды.