Белгород полигонындағы қырғынды үш тәжік азаматы жасаған екен
БЕЛГОРОД. 16 қазан. Белгород облысындағы Солоти полигонында орын алған қырғынды контрактімен келген үш тәжік жігіті жасаған болып шықты. Бұл туралы ASTRA хабарлады.
Басылым журналистері осы атыс кезінде болған оқиғаны өз көздерімен көріп, соңынан жарақат алған әскерилер қызметкерлермен жолығып, әңгімелесудің ретін тапқан. Қазіргі мәурітте олар Валуйки қаласындағы ауруханада ем алып жатыр.
ASTRA жауынгерлердің жеке бастарының қауіпсіздіктерін ойластырып, олардың аты-жөндерін атамайды.
«Бәрі мынадан басталды, біздің бірі – дағыстандық, бірі – әзербайжан, бірі – адыгей жауынгерлеріміз «бұл – біздің соғысымыз емес» деген тұжырыммен баянат жазып, әскерде бұдан әрі қызмет етуден бас тартуға әрекет жасады. Подполковник Андрей Лапин рота командирінен бұл жағдайды естігеннен кейін әскерилерді түгел жинап алып, «бұл – қасиетті соғыс» дегенді айтты. Мұның бәрі таңертең плацта өтті, бәріміз саппен шеңбер жасап келіп, қатарға тұрдық, әнұран шырқалды. Сол жерде шиеленіс, жұлқыласу басталды, соның ішінде менің ротамнан бірнеше солдат сол текетірестің ортасында болды.
Ал тәжіктер Лапинге жауап ретінде «қасиетті соғыс мұсылмандардың кәпірлерге қарсы шайқасы кезінде болады» деді. Лапин оларға: «Егер солдатқа өзі ант берген ел үшін соғысуға рұқсат етпейтін болса, сенің Аллаң, демек, қорқақ», – деді. Менің жеке басым осы «Алла – қорқақ» деген тіркес оларға бәрінен бұрын қатты батып кетті деп ойлаймын. Осы тіркес сол сәтте плацта тұрған талайды естен тандыра жаздады. Себебі, біздің арамызда да, офицерлер құрамында да мұсылмандар – башқұрттар мен татарлар көп еді.
Сапқа қайта тұрғаннан кейін де орыстар мен мұсылмандар арасындағы кикілжің тоқтаған жоқ. Содан кейін сап тарқатылды, былайынша бәрі тыншыған сияқты болатын. Ал бір жарым сағаттан кейін, түскі астың шамасында, біздің бәріміз мылтық атып жаттығатын атыс алаңына апарылдық, сол кезде контрактымен келген үш тәжік жігіті жауынгерлік оқтар салынған автоматтарын бізге қарай бұрып, командиріміз Лапинді атты, ол бірден өліп кетті. Сосын олар бей-берекет атуға көшті. Полигонда контрактшілер де, мобилизациямен келгендер де бар-тын. Мен көргендегі қаза тапқандар 29 адам болды, 30-шы подполковник Лапин еді. Соңынан оққа ұшқан тәжіктердің өздерін қосқанда, олармен – 32 адам. Жаралылардың нақты қанша екенін білмеймін, олардың бір бөлігі тікұшақпен Белгородқа, бір бөлігі Валуйкиге жеткізілді.
Атыс басталғанға дейін екі-үш минут бұрын олар біздерге, мұсылмандарға бір шетке қарай ығысуды сұрады. Мен атқандардың аттатын білемін: Бикзот – аға сержант, келесісі – Ануше, үшіншісі – Әми. Ал тектерін білмеймін. Сол шайқаста прапорщик Семёнов бұлардың екеуін өлтірді. Атыс басталғанда Семёнов бізге берілуге тиісті патрондар салынған жәшіктер тұрған бөлмеде еді. Оның тапаншасы бар-тын, атыс кезінде сонда жүген ол не болып жатқанын естіді де, екі тәжікті ту сыртынан атып түсірді. Әмидің тек иығына тигізді, сосын ол қашып үлгерді. Оның ұсталғаны жайлы ақпар жоқ.
Тегінде, бұл тәжіктер – дінге қатты берілген жандарға ұқсайды. Олар өздеріне бөлімде намазхан жасап бермегендері үшін үнемі ұрыс шығарып жүретін еді», – деді жас жігіт.